Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі (ІІМ) өткізу мақсатынсыз есірткіні сатып алу, сақтау және тасымалдауға байланысты бұзушылықтардың бір бөлігін қылмыстық жауапкершіліктен әкімшілік жауапкершілікке ауыстыруды ұсынды. Бұл ретте ірі және аса ірі көлемдегі есірткімен жасалатын әрекеттер, сондай-ақ өткізу үшін қылмыстық жауапкершілік сақталады.
НЕНІ ӨЗГЕРТУ ҰСЫНЫЛЫП ОТЫР
Болашақ заң жобасына арналған құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
ҚР ҚК 296-бабынан («Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен заңсыз айналысу») есірткіні қоғамдық орындарда медициналық емес тұтыну, сондай-ақ өткізу мақсатынсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін жауапкершілік нормаларын алып тастау ұсынылады.
Оның орнына ҚР ӘҚБтК 440-2-бабымен («Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен және олардың аналогтарымен заңсыз айналысу») толықтыру ұсынылады. Өткізу мақсатынсыз сатып алу, сақтау немесе тасымалдау 30 АЕК — 129 750 теңге айыппұлмен не 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақпен жазалануы мүмкін.
Өткізу мақсатынсыз дайындау немесе қайта өңдеу үшін 40 АЕК — 173 мың теңге айыппұл не 15 тәулікке дейін қамақ белгілеу ұсынылады. Жыл ішінде қайталап бұзу 50 АЕК — 216 250 теңге айыппұл не 20 тәулікке дейін қамаққа әкеп соғуы мүмкін. Барлық жағдайда есірткі тәркіленуге жатады.
ТҰТЫНУ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ
Есірткіні қоғамдық орындарда медициналық емес тұтынуды ҚР ӘҚБтК 440-1-бабының («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес тұтыну») қолданысына ауыстыру ұсынылады.
Мұндай бұзушылық үшін 40 АЕК — 173 мың теңге айыппұл не 10 тәулікке әкімшілік қамақ қарастырылады. Қайталап бұзғаны үшін құжат 50 АЕК — 216 250 теңге айыппұл не 15 тәулікке қамақты көздейді.
ҚАНДАЙ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК САҚТАЛАДЫ
Өткізу мақсатынсыз есірткіні ірі және аса ірі көлемде дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік сақталады.
Ірі көлем үшін 200 АЕК — 865 мың теңгеге дейін айыппұл, түзеу немесе қоғамдық жұмыстар не 50 тәулікке дейін қамақ қарастырылған. Аса ірі көлем үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделеді.
Өткізу мақсаты болған кездегі әрекеттер бұрынғыша ҚР ҚК 297-бабы («Өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу») бойынша сараланатын болады. Құжат авторлары қылмыссыздандыру есірткіні заңдастыруды білдірмейтінін атап көрсетеді.
ІІМ НОРМАЛАРДЫ НЕГЕ ӨЗГЕРТУДІ ҰСЫНЫП ОТЫР
ІІМ деректері бойынша, 2025 жылы ҚР ҚК 296-бабының 1 және 2 бөліктері бойынша 2993 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Оның 1348-і, яғни 45%-і ақтау негіздері бойынша тоқтатылды. 1873 адам сотталды.
Министрлік сондай-ақ есірткіні қоғамдық орында тұтыну туралы норманың іс жүзінде қолданылмайтынын көрсетті. 2020 жылы бұл үшін 539 адам сотталса, 2025 жылы — 11 адам сотталды. Бұл ретте қолданыстағы норма ресми түрде қылмыстық жауапкершілікті және сотталғандықты сақтайды.
ҚҰЖАТ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ
Ұсыныс бойынша, есірткіні ерікті түрде тапсыру адамның іс-әрекетінде басқа құқық бұзушылық құрамы болмаса, әкімшілік жауапкершіліктен босатуға негіз болады. Ұстау кезінде есірткіні алып қою ерікті тапсыру деп есептелмейді.
Консультативтік құжат 8 қыркүйекке дейін жария талқылауға шығарылды.
Фонд-бюро расследования коррупции