Skip to main content

ҰҚК және ІІМ қызметкерлерін АҚШ-тан есірткі контрабандасын ұйымдастыруға күдіктенуде

Submitted by News_editor on

Алматының арнайы прокурорлары есірткі заттарын аса ірі мөлшерде контрабандалау ісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Бір топ адам халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы Америка Құрама Штаттарынан (АҚШ) Қазақстанға марихуана мен каннабис сығындысын жеткізуді ұйымдастырған.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, жазасын өтеп жатқан сотталушы АҚШ-тан сәлемдеме алу арнасын ұйымдастырған. Схемаға кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, қоймашылар мен ораушылар тартылған.

Жедел іс-шаралар барысында «Жетісу» кеден бекетінде жалпы салмағы 43 келі болатын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 халықаралық сәлемдеме тәркіленді.

«Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені, сондай-ақ сот сараптамаларының нәтижелері фигуранттардың заңсыз әрекетін растады», — делінген хабарламада.

Барлығы 20 күдікті ұсталды, олардың ішінде — ұлттық қауіпсіздік органдарының екі қызметкері және ҚР ІІМ ҚАЖК-нің үш қызметкері. Тергеудің мәлімдеуінше, олар қылмыстық топқа қамқорлық жасаған.

Фигуранттарға есірткі заттарын контрабандалау, өткізу және лауазымдық қылмыстарға байланысты баптар бойынша айып тағылды.

Күдіктілер заңсыз әрекеттерінен түскен кірістерді заңдастырғаны — олар жылжымайтын мүлік, жер телімдері мен автокөліктер сатып алғаны хабарланды. Сот санкциясымен 5 пәтер, 3 құрылыс, 10 жер телімі және 44 көлік құралы тәркіленді.

Қылмыстық іс Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына мәні бойынша қарауға жіберілді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыда еліміздің тарихындағы ең ірі бір реттік кокаин партиясы — салмағы 13 тонна 183 келі тәркіленген болатын.

Хабарланғандай, жүк Қазақстан аумағы арқылы басқа елдерге одан әрі жөнелтуге арналған. Есірткі арнасын ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталды.