Skip to main content

Үкімет СҚО-дағы бөгетті қайта жаңартуға 1,4 млрд теңге бөлді

Submitted by News_editor on

Үкімет резервінен Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Тепличное ауылындағы қорғаныс бөгетін қайта жаңартуға шамамен 1,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, шешім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынына қарсы құрылыстарды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында қабылданды.

Жоба гидротехникалық нысанды толық жаңғыртуды, оның ішінде кіреберіс автомобиль жолдарын қалпына келтіруді, темірбетон плиталарын төсеуді, дренаж жүйесін орнатуды және аумақты абаттандыруды көздейді.

Бөгеттің жоғарғы белгісі елді мекеннің толыққанды қорғалуын қамтамасыз ету үшін 2024 жылғы су тасқынының максималды деңгейіне жеткізілетін болады.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректері бойынша, елдегі гидротехникалық инфрақұрылымды нығайту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Алты өңірде — Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында — 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысанның құрылысы іске асырылуда. Бүгінгі күні 40 жоба аяқталды, 221 км бөгет нығайтылды, бұл жоспарланған көлемнің 91% құрайды.

Еске сала кетейік, шамамен мың адам тұратын Тепличное Қызылжар ауданының ең көп зардап шеккен ауылдарының қатарына енді. 2024 жылғы су тасқыны кезеңінде мұнда жергілікті деңгейдегі ТЖ жарияланды: Есіл өзенінің тасуы салдарынан 1980 жылы салынған қорғаныс бөгеті авариялық жағдайға келді.