Skip to main content

Telegram-да 48 млрд-қа есірткімен онлайн сауда жасалды

Submitted by Вера Александрова on

Қаржы мониторингі агенттігі (ҚМА) құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткі тарататын 55 Telegram-арнаның қызметін тоқтатты. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, «есірткі дүкендерінің» жалпы айналымы шамамен 48 млрд теңгені құраған. 

Жыл басынан бері құқық қорғаушылар есірткінің заңсыз айналымына байланысты 60 қылмыстық іс қозғағаны, оның жартысы контрабанда фактілері бойынша екені хабарланады. Онлайн-есірткі дүкендеріне қатысты 29 материал бойынша тексеру іс-шаралары жүргізілуде.

«100-ден астам адам, оның ішінде ҰҚҰ-ның 12 мүшесі ұсталды. Айналымнан шамамен 100 кг ауыр есірткі – кокаин, кетамин, мефедрон және марихуана, сондай-ақ оларды жасауға арналған 1 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Есірткі қылмыстарының ықтимал сыбайластары болып табылатын және ортақ жауапкершілікке тартылатын 30 мыңға жуық «дроп» банк карталары бұғатталды», - делінген хабарламада.

Оған қоса, Шымкентте Қазақстандағы мефедрон өндіру және тарату бойынша ең ірі арна тоқтатылды. Құқық қорғаушылар ай сайын 50 мыңға жуық доза синтетикалық есірткі жасауға мүмкіндік беретін есірткі зертханасын анықтады.

«Халықаралық ынтымақтастық аясында ҚМА-ның аналитикалық деректері негізінде Қазақстан, Беларусь және Ресейдің қаржы барлау қызметтерінің қатысуымен ТМД кеңістігінде есірткі таратқан трансұлттық интернет-дүкендерді жою бойынша арнайы операция жүргізілді», - делінген хабарламада.

Осы елдердің аумағында үш ірі есірткі дүкені жабылып, 35 есірткі сатушысы ұсталды, 1 тоннадан астам психотроптық заттар және клиенттерге сатуға дайын 3,5 мыңға жуық доза синтетикалық есірткі тәркіленді. Мұндай есірткі дүкендерінің жалпы табысы шамамен $30 млн құрады, оның $12 млн-ы криптовалютаға аударылған. 

Сонымен қатар, ҚМА бастамасымен Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚРДА) қаулыларына бір клиентке бірден бірнеше карта шығаруға шектеулер белгілейтін өзгерістер енгізілді.

«Төлем карточкаларын бейрезиденттерге және кәмелетке толмағандарға беру кезінде қосымша бақылау және шектеу шаралары белгіленді. Жаңа клиентті тіркеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді жүргізе отырып, банктердің төлем карталарын шығару бойынша ішкі бақылау шаралары күшейтілді. Аталған нормалар қолданысқа енгізілгеннен бері бірнеше карта ұстаушылардың саны 9,5 мың клиенттен 3,6 мыңға дейін қысқарды, 1,5 мың клиенттің қашықтықтан қызмет көрсетуге қолжетімділігі жабылды», - деп хабарлады ҚМА.