Тараз прокуратурасы жергілікті ЖШС-ні тексеру барысында көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізуге шарт жасасу кезінде тұрғындардың қолдарын жалған жасау фактісін анықтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ортақ мүлікті жөндеуге мердігер ұйымды таңдауды үй кеңесі жүзеге асыруы тиіс. Алайда тұрғындарға мердігерді таңдау мүмкіндігі берілмеген және олардың қолдарын жалған жасаған.
Прокуратураның нұсқауы бойынша құжаттарды жалған жасау фактісі қалалық полиция басқармасында тіркелген.
Сонымен қатар, ЖШС қызметін тексеру нәтижелері бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға бөлінген 59 млн теңге сомасындағы бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыстық істі тергеу Жамбыл облысының экономикалық тергеу департаментіне тапсырылды.
Еске сала кетейік, сәуір айында Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту кезінде бюджет қаражатының ұтымсыз жұмсалғанын анықтады. Сол кезде ведомствоның нұсқамасы бойынша 84,4 млн теңге үнемделіп, қосымша негізсіз шығындардың алдын алуға мүмкіндік туды.
Фонд-бюро расследования коррупции