Астана қаласы сотының апелляциялық алқасы Арыстанбек Мұхамедиұлының жұбайы - Галия Искакованың шағымын қарады. Tengrinews.kz мәліметінше, сотта оның адвокаты мен қоғамдық қорғаушылар сөз сөйледі. Сот үкімді өзгерту туралы шешім қабылдады.
«Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 13 ақпандағы Искакова Галия Нигметовнаға қатысты үкімін өзгерту. Искакова Галия Нигметовнаның әрекеттерін Қылмыстық кодекстің 368-бабы 1-бөлігінен (Парақорлыққа делдалдық) 24-баптың 3-бөлігіне (Қылмыс жасауға оқталу) қайта саралау», - делінген сот шешімінде.
Сонымен қатар сот Искакованың негізгі жазасын өтелді деп есептеуді және оны күзеттен босатуды ұйғарды.
«Үкім заңды күшіне енгенге дейін 2023 жылғы 5 шілдеден бастап үй қамағында ұстау мерзімін екі күн бір күн деп есептей отырып, Галия Искаковаға 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны өтелді деп есептеу», - деп қосты судья.
Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылғаны хабарланады.
Еске салайық, Галия Искакова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін 6 ай бас бостандығынан айыруға сотталған болатын. Бұрынғы министрдің жұбайына Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеевке 220 млн теңге беру кезінде делдалдық жасады деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, адвокат ерлі-зайыптыларды бұл қаражатты сот шешіміне әсер ету үшін пайдаланатынына сендірген.
Нәтижесінде сотталушыға 8 жыл түрме тағайындалды. Кейін сотта Төлеев алған ақшаны клиентінің жұбайына қайтарғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл ақша параға емес, «өнделмеген гонорар» болған.
Алайда кейінірек сот Мұхамедиұлын пара беруге оқталуда кінәлі деп танып, оның бұрынғы мерзімін 8 жылдан 11 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырды. Адвокат аса ірі көлемдегі алаяқтықта кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруға сотталды.
Фонд-бюро расследования коррупции