Skip to main content

Солтүстік Қазақстан облысында құны 26,7 млрд теңге болатын көл мемлекетке қайтарылды

Submitted by Вера Александрова on

Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар жалпы ауданы 21,5 мың га және кадастрлық құны 26,7 млрд теңге болатын Теке көлін мемлекет меншігіне қайтарды.

Облыстық прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылы ас тұзын өндіруге арналған келісімшарт аясында жергілікті атқарушы органдар көлді жер қойнауын пайдаланушыға берген.

«Кейін су объектісінің айнасы астындағы жер учаскесіне жалдау шарты жасалды», - делінген хабарламада.

2022 жылы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуы тоқтады. Алайда уәкілетті орган Жер кодексін бұза отырып, екі жылдан астам уақыт бойы шартты бұзу шараларын қабылдамаған, бұл су қоры жерлерінің мақсатсыз пайдаланылуына әкеп соқтырған.

«Сонымен қатар, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің талаптарына қайшы, шаруашылық жүргізуші субъект құзыретті органның ресми сайтындағы қолданыстағы жер қойнауын пайдаланушылар тізілімінен алынып тасталмаған», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде жер учаскесін жалдау шарты біржақты тәртіппен сотқа дейін бұзылды. Теке көлі мемлекет меншігіне қайтарылды. Кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.