Skip to main content

Шымкент полициясының қаржылық қамтамасыз ету бойынша бұрынғы бастығы 74 млн теңге көлеміндегі пара үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Шымкентте полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бұрынғы бастығы сотталды. Іс бойынша ведомство қызметкерлері мен мердігер ұйымға қатысты кәсіпкерді қоса алғанда, төрт адам өтті. 

Қала соттарының баспасөз қызметінің мәліметінше, басқарманың экс-бастығы жергілікті ЖШС директорымен қылмыстық сөз байласқан. Сотта хабарлағандай, шенеунік компанияны мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы етуге уәде беріп, бұл «қызметті» 74 млн теңгеге бағалаған.

Кәсіпкер ұсынысты қабылдап, конкурс жеңімпазы атанып, шарт бойынша қаражат алғаннан кейін, басқарма бастығына келісілген соманы берген.

Өз кезегінде департаменттің бас маманы ЖШС-мен 370 млн теңге сомасына тауарды бір көзден алу әдісімен мемлекеттік сатып алу шартын заңсыз жасасқан. 

Сондай-ақ іс материалдарында департамент бөлімдерінің бірінің бастығы техникалық шарттарға сәйкес келмейтін тауарларды қабылдап, өз міндеттерін тиісінше орындамағаны көрсетілген.

Нәтижесінде Шымкент соты полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығына 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру, департаменттің бас маманына — 2 жыл бас бостандығынан айыру, ЖШС директорына — 5 жыл бас бостандығын шектеу, департамент бөлімінің бастығына — 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.