Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтар үшін цифрлық ортаны қорғау мәселелеріне арналған отырысы өтті.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, Президент өзінің жақындағы Халыққа Жолдауында Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру міндетін қойғанын еске салды.
Отырысқа қатысушылар кең ауқымды мәселелерді қарады:
- қазіргі заманғы киберқауіптер және оларға қарсы тұру әдістері;
- сыни маңызды ақпараттық инфрақұрылымды қорғау;
- отандық киберқауіпсіздік индустриясын дамыту;
- кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев пен ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев баяндама жасады.
Қасым-Жомарт Тоқаев киберқылмыспен күресудің ерекше маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қылмыстарды тергеумен айналысатын мемлекеттік органдар құзыреттері мен іс-қимылдарын үйлестіруді нығайтуы тиіс.
Азаматтардың дербес деректерін қорғауға және олардың ағып кетуі үшін жауапкершілікті күшейту қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы киберкеңістікте қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру үшін халық арасында профилактикалық және ағарту жұмыстарын күшейту қажеттігін көрсетті.
Отырыс қорытындысы бойынша Президент киберқорғаныс саласындағы стратегиялық тәуекелдерді азайтуға және жүйелі проблемаларды шешуге бағытталған шараларды қабылдауды тапсырды.
Фонд-бюро расследования коррупции