Skip to main content

Полиция Қарағанды облысындағы жасырын зертханадан 50 кг-нан астам есірткі тәркіледі

Submitted by News_editor on

Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері прокуратураның жәрдемдесуімен синтетикалық есірткінің құпия зертханасын жою бойынша ауқымды арнайы операция жүргізді.

Polisia.kz мәліметінше, жедел қызметкерлер синтетикалық есірткі өндіру зертханасын ұйымдастырды деген күдікпен облыстың екі тұрғынын ұстады.

Анықталғандай, тінту жұмыстары Сортировка кентіндегі жалдамалы тұрғын үйде жүргізілді. Полицейлер бір тоннадан астам прекурсорлар, 52 кг астам дайын «Альфа-PVP» затын, сондай-ақ заңсыз өндірісте қолданылатын жабдықтарды: таразылар, миксерлер, кептіргіштер, вакууматорлар, контейнерлер және басқа да заттарды тапты.

Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ғалымжан Бекболатовтың айтуынша, операция қара нарыққа шамамен 173 мың доза синтетикалық есірткінің түсуіне жол бермеді. Сонымен бірге заңсыз әрекетке жаңа қатысушылардың, оның ішінде болжамды курьер-салушылардың тартылуына жол кесілгені атап өтілді.

Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктілер құпия зертхана ұйымдастыру үшін үйді жалдап, куратордың нұсқауы бойынша психотроптық заттарды дайындаған. Олар төлемді криптовалютамен алған.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ел тарихындағы ең ірі кокаиннің бір реттік партиясы салмағы 13 тонна 183 килограмм тәркіленген болатын.

Хабарланғандай, жүк Қазақстан аумағы арқылы басқа елдерге жіберуге арналған. Есірткі арнасын ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен екі шетел азаматы ұсталды.