Skip to main content

Полиция Ақтөбедегі мектептерде жарылыс дайындалып жатыр деген жалған ақпаратты таратушыларды іздестіруде.

Submitted by News_editor on

Әлеуметтік желілерде Ақтөбе мектептерінде жарылыстар дайындалып жатыр деген жалған ақпарат таралуда. Полиция бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеп, азаматтарды мұндай хабарламаларға сенбеуге шақырды.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Ведомство жалған мәліметтерді таратқан адамдарды анықтау үшін жедел іс-шаралар жүргізуде.

«Күдіктілер жақын арада анықталып, ел заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», — делінген хабарламада.

Құқық қорғау органдары оқу орындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтті. Атап өтілгендей, бейнебақылау жүйелерінің жұмысына және мектептердің жанындағы полиция нарядтарының санын арттыруға ерекше көңіл бөлінді.

Полиция өңір тұрғындарын дүрбелеңге берілмеуге және ақпаратты ресми дереккөздерден тексеруге шақырды.

Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында Ақмола облысы Щучинск қаласындағы №8 мектепке бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Мекеменің электрондық поштасына жіберілген хатта белгісіз біреу «барлығын жұмаққа жіберумен» қорқытқан.

Сонда полицейлер терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын.