Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға баға белгілеу жүйесіндегі проблемаларды анықтады.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, ашық емес тетіктер мен асыра көрсетілген өтінімдер салдарынан кейбір отандық препараттар шетелдік аналогтардан 2–3 есе қымбат болып шыққан. Себеп — нақты шығындарды талдаудың болмауы және жеткізушілер мен өндірушілер тарапынан бағаның асыра көрсетілуі.
2025 жылдан бастап көзқарас өзгеруі тиіс: бағалар өтініш берушілердің өздерінің деректеріне емес, референттік елдердің орташа көрсеткіштері мен ресми дереккөздерге негізделе отырып есептелетін болады.
Сондай-ақ инспекциялау қызметтерін мемлекеттік монополияның бөлігі етіп, олардың құнын реттеу ұсынылып отыр, бұл фармацевтикалық компаниялар үшін артық шығындарды болдырмауға мүмкіндік береді.
БҚДА «СК-Фармация» ЖШС қызметіне ерекше назар аударды. Оператор сатып алулардың шамамен 45%-ын өндірушілерден тікелей емес, дистрибьюторлар арқылы жүзеге асырады, бұл құнның өсу қаупін арттырып, ашықтықты төмендетеді.
БҚДА тікелей сатып алу үлесін арттыруды және ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу кезінде шығындарды міндетті түрде талдауды бекітуді ұсынды.
Еске сала кетейік, шілде айында құқық қорғау органдары «СК-Фармация» ЖШС және фармацевтикалық сала субъектілеріндегі ұрлықтар бойынша қылмыстық тергеуді бастады. Іс Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) анықтаған бұзушылықтар фактілері бойынша Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбеновтің Бас прокуратураға жүгінуінен кейін қозғалды.
Фонд-бюро расследования коррупции