Бюджетте орман және табиғат қорғау мекемелері қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін шамамен 8,5 млрд теңге қарастырылды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап мұндай қызметкерлер лауазымдық жалақысына үстемақы ала бастайды. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қол қойғаны хабарланды.
«Орман және табиғат қорғау ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерін жақсарту мақсатында ҚР Үкіметінің «Мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдар қызметкерлерінің, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысына өзгерістер енгізілді», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, құжат орман өрт сөндіру станциялары, орман мекемелері, табиғат қорғау және орман құрылысы ұйымдары қызметкерлерінің жалақысына 100%-ға дейін үстемақыны көздейді.
Олардың қатарында орман өрт сөндірушілері, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратурасын жөндеу жөніндегі слесарлар, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушылары бар. Сондай-ақ, авиациялық күзеттің 113 десантшы-өрт сөндірушісінің жалақысы көтерілетіні айтылды.
«Қаулыны іске асыруға республикалық бюджеттен 2024-2027 жылдарға арналған 8 480,1 млн теңге көлемінде қаржылық шығындар қарастырылған. Барлығы шамамен 3,3 мың қызметкер қосымша төлеммен қамтылады. Жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің орман өрт сөндіру станцияларының 1619 қызметкеріне қосымша төлемді қаржыландыру жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады деп жоспарлануда», - деп хабарлады үкіметте.
2023 жылғы шілдеде орман құрылымдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жұмыс үшін лауазымдық жалақысына 100% үстемақы белгіленгені атап өтілді.
Фонд-бюро расследования коррупции