Шетелдік БАҚ пен жеке репортерлер бірлестігі - Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) грек аралында өрт тудырған яхтада ауқатты қазақстандықтар болғанын, олар келесі күні жеке ұшақпен елден кеткенін хабарлады.
vlast.kz деректері бойынша, журналистер кеме құжаттарына сілтеме жасап, сол күні «Персефони I» яхтасында 7 қазақстандық болғанын айтады. Олардың арасында еліміздің белгілі бизнесмендерінің бірі Данияр Әбулғазин болған көрінеді.
Өрттен кейінгі күні ұшу деректері бар сервистер Әбулғазин жиі пайдаланатын жеке ұшақтың Афинадан Алматыға ұшқанын көрсеткені хабарланады.
Сонымен қатар, журналистерге кеме бортында Әбулғазиннің ұлы, оның әйелі - Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық қорларының бірінің басшысы Айдан Сүлейменова және оның көмекшісі болғаны белгілі болды.
Бұдан басқа, жолаушылар арасында Halyk Bank басқарма төрағасы Ұмұт Шаяхметова, оның күйеуі - мұнай компаниясы KMG International NV компаниясының бұрынғы топ-менеджері Бейімбет Шаяхметов және олардың қызы көрсетілген.
«Әбулғазин де, Шаяхметов те бизнесмен және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевпен тығыз байланысты. Әбулғазин оның «Самұрық-Қазына» қорындағы орынбасары болған, ал Шаяхметова Құлыбаев әйелімен бірге иеленетін банкті басқарады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Әбулғазин, Сүлейменова және Шаяхметовтің журналистердің жағдайға түсініктеме беру туралы қоңыраулары мен хабарламаларына жауап бермегені белгілі болды.
Айта кетейік, былтыр жазда қоршаған ортаны қорғау аясында Ұмұт Шаяхметова басқаратын Halyk Bank БҰҰ-ның жаһандық келісіміне қосылды. Сонда бизнес-ханым компания үшін экологияны қорғауға қатысты мәселелердің жат емес екенін атап өткен еді.
«Бізден акционерлеріміз үшін құндылық жасау ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапты бизнес болу, ал қызметкерлеріміз үшін жақсы жұмыс беруші болу талап етіледі, сонымен бірге экология мәселелерін назардан тыс қалдырмау қажет. <…> Біз «жасыл» даму жобаларын қаржыландырған кезде клиенттерімізді қолдаймыз», - деген болатын ол.
Еске салайық, күндер бұрын Грекияның Идра аралында ірі өрт болған еді. Хабарланғандай, ол люкс яхтадағы туристердің фейерверктерінен пайда болған. Белгілі болғандай, бұл кемені туристік маусымда €299 мыңға (шамамен 149 млн теңге) аптасына жалдауға болады. Жалынды сөндіруге үлгерген кезде, ол шамамен 1,2 мың га аумақты қамтып үлгерген еді.
Бастапқыда өртті еріксіз тудырған туристер Қазақстан азаматтары делінген еді, алайда кейін грек БАҚ-ы олардың пәкістандықтар екенін мәлімдеді.
Фонд-бюро расследования коррупции