Skip to main content

Маңғыстау облысындағы мектеп асханасында уланған оқушылар саны екі есеге өсті

Submitted by Вера Александрова on

Үкімет баспасөз қызметінің мәлімдемесінше, Маңғыстау ауданы, Маңғыстау ауылы, Бесшоқы тұрғын алабындағы мектептегі уланудан зардап шеккендер саны 222-ден 460 балаға дейін өскен, оның ішінде 83-і ауруханаға жатқызылды, 2-еуі реанимацияда. 

«Барлық зардап шеккендердің жағдайы тұрақты, оң динамика байқалады. Реанимацияда жатқан екі баланың денсаулық жағдайы жақсарғандықтан, олар жалпы бөлімшеге ауыстырылады», - делінген хабарламада.

Улану орын алған мектепте тергеу жүргізілуде. Кінәлі тұлғалар жауапкершілікке тартылатыны айтылды. Өршуді оқшаулау және жою шараларын күшейту үшін аймаққа «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының мамандары жіберілді.

Сонымен қатар, үкімет басшысының тапсырмасы бойынша бір ай ішінде еліміздегі барлық мектеп асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу жоспарлануда. 

Сонымен бірге, бастауыш сынып оқушылары уланған Маңғыстау ауылындағы мектеп асханасына қызмет көрсететін компанияның атауы белгілі болды.

Журналист «Kozachkov offside» деректері бойынша, асханаға «Шәкенова Д» ЖК қызмет көрсетеді. 

«Бұл жай ғана ЖК емес, тікелей алып компания. Мемлекеттік сатып алу сайтында компанияның 224 келісімшарты бар, тек биылғы жылы ондаған келісім жасалып немесе ұзартылған, сомасы жүздеген миллион теңгені құрайды», - делінген хабарламада.

Кәсіпорынның жылдық табысы 2,5 млрд теңге деп бағаланатыны хабарланды. Компаниямен келісімшарттардың көпшілігі бір көзден алу тәсілімен жасалған. 

«Бұл былай жұмыс істейді: Дәметкен Шәкенованың ЖК-і конкурста жеңіп, содан кейін ұзартады. Бұл неге әкеп соғатынын көріп отырмыз. Енді сұрақ – балалардың улану фактісі бойынша қылмыстық іс логикалық аяғына жеткізіле ме, әлде жергілікті элиталар шеше ме?», - деп жазады журналист.

Еске салайық, 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылы, Бесшоқы тұрғын алабында бастауыш сынып оқушылары асханада түскі астан кейін жаппай уланған. Билік әзірге уланудың себебін айтқан жоқ. Алайда ата-аналар сол күні балалардың мектеп асханасында котлет қосылған картоп езбесін жегенін растайды.