Skip to main content

Манғыстау облысында құны 445 млн болатын жер мемлекетке қайтарылды

Submitted by Вера Александрова on

Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауындағы жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның ауданы 50 гектарды құрайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, мұнай терминалын салу және орналастыру үшін белгіленген аумақ ұзақ уақыт бойы мақсатына сай пайдаланылмаған.

«Жер учаскесі Каспий теңізінің жағалауында, Қарақиян ауданында орналасқан. Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құны 445 млн теңгені құрайды», - делінген хабарламада.

Бұрын учаске иесіне жер заңнамасын бұзуды жою туралы нұсқама берілгені хабарланды. Бір жыл өткен соң нұсқаманы орындамағаны үшін серіктестікке 345 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

«Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жер учаскесін мәжбүрлеп мемлекет меншігіне алу туралы талап-арыз берді. Талап-арыз қанағаттандырылды, сот шешімі заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысында ауданы 30 мың га болатын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек хабарлағандай, Тимур Құлыбаевпен байланысты компаниялар жер учаскелерін мемлекетке қайтармай, сот шешімдерінің орындалуына кедергі келтіруде.

Сонымен қатар белгілі болғандай, биыл Алматы облысының прокурорлары ауданы 12,5 мың га және құны 2,5 млрд теңге болатын пайдаланылмайтын 155 учаскені мемлекет меншігіне қайтарды.