Қостанайдың № 2 сотында қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету ісі бойынша үкім шығарылды.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің екі тұрғыны 2019–2023 жылдары «Life is Good» инвестициялық компаниясы («Hermes LTD» жобасы) деген желеумен қызмет ұйымдастырған. Айыпталушылар азаматтарға жоғары табыстылықты уәде етіп, «Vista» шоттарын ашуды ұсынған, алайда іс жүзінде төлемдер жаңа қатысушыларды тарту есебінен жүзеге асырылған.
Қаржы пирамидасына 22 азамат жалпы сомасы 88 млн теңгеден астам қаражат салған. Оның ішінде 12-і 55 млн теңгеден асқан мүліктік залал көрген.
Сотта екі айыпталушы да кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.
Нәтижесінде сот әрқайсысына ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтелетін 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, сондай-ақ 5 жыл мерзімге қаржылық және коммерциялық қызметпен айналысуға тыйым салды. Айыпталғандардың біріне кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты үкімді орындау бес жылға кейінге шегерілді.
Еске сала кетейік, былтырғы қыркүйекте Қарағандыда салымшылары жалпы сомасы 108,7 млн теңге материалдық залал көрген «Life is good Hermes Management Ltd» қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларының бірі сотталды.
Фонд-бюро расследования коррупции