Қызылорда облысының Арал ауданында диқандар шегірткенің жаппай шабуылына тап болып отыр. Әсіресе, Қарақұм және Абай ауылдарында жағдай өте күрделі.
Ulysmedia.kz мәліметінше, жергілікті аграрийлер зиянкестердің қысқа уақыт ішінде жайылымдардың едәуір бөлігін жойып жібергенін, бұл мал басының сақталуына қауіп төндіретінін айтады.
«Өткен аптада біз шегірткенің бұрын-соңды болмаған шабуылын байқап отырмыз. Қысқа уақыт ішінде зиянкестер біздің жайылымымызды жойып жіберді - енді малдарымыз не істейді? Шегірткеге қарсы өңдеу күтілген нәтиже бермейді. Әрі қарай не істерімізді білмейміз», - деді диқан Файзулла Қайырұллаев.
Оның айтуынша, аграрийлер жыл сайын шегірткемен күресуге мәжбүр, алайда биыл жәндіктердің саны ерекше көп. Дезинсекцияға кететін шығындар тым жоғары, ал жергілікті жердегі техникалық және ұйымдастырушылық ресурстар шектеулі.
Диқан Абзал Асанбаев әкімдік уақтылы улағанда зиянкестердің әлдеқайда аз болатынын айтады.
«Билік тағы да алдын алу шараларын елемей қойды. Қазір химиялық өңдеу жүргізілуде, бірақ нәтижесін көрмей отырмыз. Мердігерлік ұйым мұнда бес арнайы техникамен келді, бірақ оның екеуі ғана жұмыс істейді. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады», - деп наразылық білдірді диқан Абзал Асанбаев.
Өз кезегінде облыстық аумақтық инспекцияда шегірткемен күрес кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын сендіреді. Облыста 60 мың гектардан астам аумақты қамту жоспарлануда, оның 24 мың га — итальяндық прусқа қарсы, 35 мың га — азиялық шегірткеге қарсы.
«Арал ауданында шегірткеге қарсы жерлерді өңдеу 13 мамырдан басталды. Облыс бойынша төрт бірлік техника бөлінді, қазір біз тұрғындардың өзінен көлік жалдап аламыз. Екпінді желге байланысты дельтапландарды ұшыру мүмкін болмай тұр. Қазір жағдай инспекцияның жеке бақылауында», - деп жауап берді ведомство.
Жергілікті тұрғындар рәсімдердің созылып жатқанынан қауіптенеді, ал шегіртке жайылымдарды жоюды жалғастыруда. Олардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын аймақ қуаңшылықтан малдың жаппай қырылуына тап болған, ал қазіргі жағдай осындай салдарға әкелуі мүмкін.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінде шегірткелердің жаппай таралуы туралы желідегі бейнероликтер шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.
«Интернет кеңістігінде және БАҚ-та шегірткелердің жаппай және бақылаусыз таралуы туралы шындыққа жанаспайтын хабарламалар мен бейнематериалдар пайда болуда. Мұндай ақпарат нақты жағдайға және шегірткелердің дамуының нақты сатысына сәйкес келмейді», - делінген хабарламада.
Ведомство қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін ескертті.
«Тек ресми ақпарат көздерін — АШМ, облыс әкімдіктерінің ресурстарын басшылыққа алуға, тексерілмеген деректер мен әдейі жалған ақпаратты жариялаудан бас тартуға шақырамыз», - деп жазады министрлікте.
Айта кетейік, жақында аграрлық сарапшы Кирилл Павловқа Қазақстандағы шегіртке шабуылының ауқымы туралы жарияланымнан кейін сот талқылауы тағайындалды. Ауыл шаруашылығы министрлігі оған әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратты деп айыптап, арыз берген, бұл ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы, 3-бөлігі бойынша («Онлайн-платформалар пайдаланушыларының жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы») әкімшілік іс қозғауға әкеп соқты.
Павлов оның талдауы тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми деректеріне негізделгенін айтады. Ол шегіртке туралы жарияланымдар авторларына полицияның назар аударуына таңданыс білдіріп, енді министрлік өз деректерінің объективтілігін негіздеуге және оның жарияланымдарының дұрыс еместігін дәлелдеуге мәжбүр болатынын атап өтті.
Фонд-бюро расследования коррупции