Skip to main content

Қостанай облысындағы республикалық автомобиль жолы қардың еруіне байланысты су астында қалып жатыр

Submitted by Вера Александрова on

Қостанай облысында 16 наурызда республикалық автомобиль жолының Мариновка ауылы маңындағы учаскесінде судың асып кетуі орын алды.

«Күрт жылыну және қардың қарқынды еруіне байланысты Қостанай облысында республикалық маңызы бар KZ 10-05 «Мариновка а. кіреберіс» 9 шақырым автомобиль жолынан су асып кетті», – деп хабарлады «КазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

Учаске Қазақстан мен Ресей арасындағы бейтарап аймақта, Желкуар өзенінде орналасқан. Көпір өткелінің болмауына байланысты мұнда судың асып кетуі жыл сайын қайталанатыны атап өтілді.

«Бұл учаскенің бейтарап аймақта орналасуына байланысты Ресей Федерациясымен бірлесіп көпір өткелін салу туралы келіссөздер жүргізілуде», – делінген хабарламада.

Бастапқыда су асып кеткен учаскенің ұзындығы шамамен 40 метрді, ал судың тереңдігі 10 смді құрады. Кейінірек ұзындық 70 метрге дейін ұлғайып, су деңгейі 20 смге көтерілді. Осыған байланысты жолдың осы бөлігінде барлық көлік түрлерінің қозғалысы шектелді.

«Қазіргі уақытта жолдарды күтіп ұстау үшін 62 бірлік арнайы техника мен 108 маман жұмылдырылды», – деп атап өтті «КазАвтоЖол».

Еске сала кетейік, өткен жылдың наурыз айында Қостанай облысында су тасқынына байланысты Екідын, Аққысы, Қызылжұлдыз және Жаңақала ауылдарының тұрғындары эвакуацияланды. Адамдарды су басқан аумақтардан қайықтар мен тікұшақтардың көмегімен шығарған болатын. Сонда ойпаң жерлердегі еріген судың деңгейі екі метрге дейін көтерілген еді.