Skip to main content

Көкшетаудағы жағалау құрылысында 170 млн теңге ұрланды

Submitted by Вера Александрова on

Көкшетауда қалалық әкімдіктің ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысы, «М-Строй проект» ЖШС техникалық қадағалау қызметкері, сондай-ақ мердігер ұйым «ПавлодарЭнергоМонтаж» ЖШС иесі ұсталды.

Ақмола облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, олар ескі әуежайдан Қан орталығына дейінгі жағалауды салуға бөлінген 170 млн теңгеден астам қаражатты жымқыруға күдікті.

Күдіктілердің әрекеттері ҚК 189-бабы 4-бөлігімен («Мүлікті ерекше ірі мөлшерде жымқыру») сараланды. Осы баптың санкциясы мүлікті тәркілей отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді. Барлық күдіктілер сот санкциясымен қамауға алынды.

Тергеу барысында полиция қызметкерлері қылмыстық жолмен табылған мүлікті – Астанадағы бағалау құны 95 млн теңге болатын коммерциялық жылжымайтын мүлікті анықтады.

Сондай-ақ прокурорлар жымқыруды жасыру үшін «Жағалау» жобасы бойынша жұмыстардың бір бөлігі Атбасардағы басқа құрылыс нысанынан жымқырылған қаражат есебінен жүргізілгенін анықтады.

Осыған байланысты күдіктілердің бірінің әрекеттері қосымша ҚК 218-бабы 3-бөлігімен («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)») сараланды. Бұл үшін мүлікті тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Естеріңізге сала кетейік, бұрын Қостанай тұрғындары құны 2,13 млрд теңге болатын жағалаудың жай-күйіне шағымданған болатын. Абаттандыру жобасы бірнеше жылға есептелгені, бірақ бір бөлігі салынып жатқанда, екінші бөлігі құлай бастағаны атап өтілді.