Skip to main content

Қазақстан футболында 3 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды

Submitted by Вера Александрова on

В Қазақстан футбол федерациясында (ҚФФ) және бірқатар футбол клубтарында 3 млрд теңге шығын келтірген қаржылық бұзушылықтар анықталды. 

Бас прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, негізгі бұзушылықтар қатарына негізсіз сыйақы төлемдері, нысандарды салу кезіндегі қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы, ойыншылармен күмәнді мәмілелер, сондай-ақ спортшылардың тамақтануына бөлінген қаражаттың жымқырылуы жатады.

Федерацияның бұрынғы басшылығы жекелеген қызметкерлер мен спортшыларға жалпы сомасы 300 млн теңгеден астам сыйақыны негізсіз төлегені хабарланды. 

Сонымен қатар, ҚФФ әкімшілік ғимараты мен Талғардағы жаттығу базасын салу кезінде жалпы сомасы 350 млн теңгеден астам орындалмаған жұмыстарға ақы төленген. 2021 жылы басталған Алматы облысындағы базаның құрылысы мүлдем тоқтатылып, мердігердің шоттары бұғатталған. 

Бұдан басқа, прокурорлар стратегиялық құжаттар мен стандарттарды әзірлеуге 135 млн теңге жұмсаудың орындылығына күмән келтірді.

«Құжаттарда жеке инвестицияларды тартуды қоса алғанда, іске асырудың нақты тетіктері жоқ, ал клубтарды басқару стандарты әлі де тәжірибеге енгізілмеген», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, «Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» футбол клубтарында қаражатты жымқыру, келісімшарт сомаларын көтеріп көрсету, ойыншыларды төмендетілген бағамен сатып, жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталған. 

ҚФФ бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) берілгені атап өтілді.

Қазақстан футбол федерациясының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу басталғаны наурыз айының басында хабарланған болатын. БАҚ тергеу әрекеттері ҚФФ экс-президенті Әділет Барменқұлов пен оның командасына қатысты жүргізіліп жатқанын болжап отыр.

Барменқұлов федерацияны 2022 жылдың ақпанынан 2024 жылдың қарашасына дейін басқарған. Желтоқсанда бұл лауазымды Марат Омаров иеленді. ФБРК редакциясы Әділет Барменқұловтың ҚФФ президенті қызметіндегі іс-әрекеті футбол жанкүйерлері тарапынан үнемі сынға ұшырап, тіпті УЕФА басшылығының да күмәнін тудырғаны туралы бірнеше рет жазған болатын.

Барменқұловтың футбол федерациясының басшысы қызметіндегі жұмысына қоғамның неге наразы болғаны, ол қандай сыбайлас жемқорлық жанжалдарына араласқаны және қандай бизнеспен айналысып үлгергені туралы сілтеме бойынша оқуға болады.