Skip to main content

Карағанды облысының ауылдық округінде мал қырылуына байланысты карантин жарияланды

Submitted by Вера Александрова on

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Мәртбек Мамраев атындағы ауылдық округінде мал шығынына байланысты карантин жарияланды. Ауылда эмфизематозды карбункул анықталды.
_____________
Анықтама: эмфизематозды карбункул – бұл ірі қара малдың және сирек ұсақ малдың жедел жұқпалы ауруы, ол жануарлардың тез арада өліміне әкеп соғады.

"Қазинформ" ХАА мәліметінше, қыркүйек айының басында "Айбол" шаруа қожалығының "Сартау" қыстауында осы аурудан 14 үш айлық бұзау шығын болған.

"5 қыркүйекте аумақтық инспекция және ветеринария станциясының мамандары патологиялық материалдарды іріктеп алып, ҚР АШМ "РВЛ" ШЖҚ РМК Қарағанды облыстық филиалына жеткізді. Зерттеу нәтижесі бойынша эмкарға оң нәтиже алынды", - деп хабарлады Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясында.

Сараптама актісі негізінде ауылдық округ әкімі "Сартау" қыстауының аумағында карантиндік шаралар белгіледі.

"Сауықтыру-жою іс-шаралары "РПО" РММ күшімен жүргізілетін болады. Өлген жануарлар бойынша залалды өтеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады", - деп қосты ведомство.

Мамандардың түсіндіруінше, карантин карбункулдан соңғы жазылу немесе жануардың өлімі жағдайынан кейін 14 күн өткен соң және қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін алынады.

Еске сала кетейік, былтырғы қараша айында БҚО Бөрлі ауданында да эмфизематозды карбункулдан мал шығынына байланысты карантин жарияланған болатын. Аграрлық сарапшы және журналист Кирилл Павлов ол кезде бұл ақбөкендердің бақылаусыз атылуына байланысты деген пікір білдірген еді.

Айта кетейік, ФБРК редакциясы ақбөкендерді табиғи мекендеу ортасынан "алып қою" деп аталатын науқанның толық хронологиясын жинақтады. Онымен мына сілтеме арқылы танысуға болады.