Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) ШҚО бойынша «Халық үшін үкімет» КЕАҚ филиалы Өскемен қаласының Мамандандырылған бөлімі (СпецЦОН) бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық істі аяқтады.
Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті азаматтардан жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыруға көмектескені үшін сыйақы алған. Осы әрекеттерден түскен қылмыстық кіріс 32 млн теңгеден асқан.
Тергеу анықтағандай, күдікті сыйақыларды банктегі өз шотына мобильді қосымша арқылы алған.
«Мұндай кірістер құқық қорғау органдарында күдік тудыруы мүмкін екенін түсініп, олардың қылмыстық шығу тегін жасыру мақсатында күдікті сол банктегі өз шоттары арасында бірнеше рет аударымдар жасаған», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, параллельді қаржылық тергеу аясында ведомство қызметкерлері күдіктінің осы ақшаға Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алып, оны жасыру мақсатында анасына ресімдегенін анықтады.
«Кейіннен бұл пәтер тәуліктік жалға берілді, бұл қосымша 1,2 млн теңгеден астам қылмыстық кіріс әкелді», - делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу басталғаннан кейін күдікті пәтерді тәркілеуге жол бермеу мақсатында оны үшінші тұлғаларға қайта тіркеген.
Сот күдіктіні кінәлі деп танып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу және қылмыстық жолмен алынған мүлікті, атап айтқанда 19,5 млн теңге тұратын екі бөлмелі пәтерді тәркілеу түріндегі жаза тағайындады.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елдегі СпецЦОН-дарда автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Ведомство қызметкерлері жалған деректер енгізіп, жалған құжаттар берген.
Мамыр айында Астанада шетелден алымдар мен төлемдерді төлемей әкелінген автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқан СпецЦОН қызметкерлері, полиция қызметкерлері және азаматтар сотталды.
Кейін Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Халық үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының №1 Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету бөлімі (СпецЦОН) басшысының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу бастады. Оны кәсіпкердің 930 мың теңгесін иемденді деп күдіктендіруде.
Шілде айында ҚМА қызметкерлері алыс шетелден келген автокөліктерді заңсыз тіркеген бір топ адамды анықтады. 2021 жылғы маусым мен тамыз аралығында күдіктілер Павлодар облысында 150 жүк көлігін бастапқы есепке заңсыз қойған.
Қазан айында Қарағанды облысында СпецЦОН-ның бұрынғы басшысы және ЦОН басшысының орынбасары ұсталды. Олар жүк көліктерін заңсыз тіркеді деген күдікке ілінді. Мемлекетке келтірілген залал 315 млн теңгеден асты.
Фонд-бюро расследования коррупции