Шымкент қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот қаладағы №44 жалпы білім беретін орта мектепте жасалған ұрлық пен жымқыру ісін қарады. Айыпталушылар лавасында оқу орнының директоры Айдарбек Шокибасов, оның орынбасары Айгүл Калдарбекова және бас бухгалтер Мария Махамбетжанова отырды.
Ratel.kz хабарлағандай, оларға ҚК 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (лауазымдық жағдайын пайдаланып, өзге біреудің сеніп тапсырылған мүлкін иемденіп алу немесе жымқыру) бойынша айып тағылды.
Белгілі болғандай, айыпталушылар жалақыны қосымша жазып, мектеп штатында «өлі жандарды» ұстап, бір жыл ішінде мемлекетке 16 599 434 теңге көлемінде залал келтірген.
Тергеу барысында бас бухгалтер штат кестелері мен жалақы ведомостарындағы барлық қосымша жазбаларды экономика жөніндегі директордың орынбасары ұйымдастырғанын мәлімдеді.
Бухгалтер директор орынбасары ешкіммен ақылдаспағанын, алған табысымен ешкіммен бөліспегенін айтты. Сонымен қатар, ол жалақыны асыра жазу және «өлі жандар» схемасы бұрынғы директордың кезінде ұйымдастырылғанын растады.
Оқу орнының директоры да ұрлыққа еш қатысы жоқ екенін, жалған қызметкерлерге жалақы ведомостарына бағыныштыларға шамадан тыс сенім арту салдарынан қол қойғанын мәлімдеді.
«Айдарбек Шокибасов мектепте тек 2023 жылдан бері директор болып жұмыс істейтінін хабарлады. Ол өзінің бухгалтері мен экономика жөніндегі орынбасарына толық сенім артқан. Және олардың қол қоюға әкелген ведомостарын әрдайым тексере бермеген. Ол қадағаламау салдарынан "өлі жандардың" жалақысына қол қойғанын мойындады», - делінген хабарламада.
Экономика жөніндегі директордың орынбасары да кінәні тек ішінара мойындап, ведомостарды қызметкерлер толтырғанын айтты. Сондай-ақ, оның сөзінше, барлық ақша мектептің жөндеуі мен қажеттіліктеріне жұмсалған. Айыпталушылар мемлекетке келтірілген аталған залалды тергеу сатысында өтегені хабарланады.
Нәтижесінде сот барлық мән-жайларды зерделеп, мектеп директорына 6,9 млн теңге мөлшерінде айыппұл салды. Шокибасовқа оны төлеуге екі ай мерзім берілді.
Ал бұрынғы директор орынбасары мен бас бухгалтер нақты мерзімге – тиісінше 8 және 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Барлығы өмір бойы мемлекеттік істермен айналысу құқығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енбегені атап өтіледі.
Фонд-бюро расследования коррупции