Жәнібек ауданының сотында науқастың аяғын ампутациялауға әкелген қателігі үшін хирургтың ісі қаралды. Жәбірленуші дәрігерді кешіріп, онымен татуласты.
ORDA мәліметінше, өткен жылдың қазанында жергілікті тұрғын өндірісте жарақат алған.
«Оны ауруханаға жеткізіп, жараны антисептиктермен өңдеп, некроздық (өлі) тіндерді алып тастап, тігіп тастады. Бірақ жарадан ірің мен сұйықтықтың ағуы үшін дренаж қамтамасыз етілмеді. Онда сұйықтық жиналып, инфекция дамыды», - делінген хабарламада.
Нәтижесінде қараша айында зардап шеккен адамның аяғы тобық деңгейінде ампутацияланды.
Сот аудандық аурухананың хирургы кәсіби міндеттеріне немқұрайлы қарап, оларды тиісінше орындамағанын анықтады.
Осыған қарамастан жәбірленуші дәрігерді кешіріп, жауапкер оған келтірілген мүліктік залалды өтегенін мәлімдеді. Сотталушы жауапкершіліктен босатылды.
«Ол дәрігермен медиация тәртібімен татуласып, оны кешірді және қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш берді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, өткен жылдың қарашасында дәрігерлердің салғырттығынан Балқаш қаласының тұрғыны Меруерт Әуелбаева қайтыс болды. Қыз денсаулығына шағымданып жергілікті емханаға бірнеше рет жүгінген, алайда оны бірнеше күннен кейін ғана қабылдап, аппендицитті алып тастау операциясы бір аптадан кейін ғана жасалған. Әуелбаеваның ағзасында сепсис дамып, ол үш ай өмір сүріп, кейін қайтыс болды.
Биылғы жылдың қараша айының басында тергеу қорытындысы бойынша ҚР ҚК 317-бабы 3-бөлігі (Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша Балқаш көпсалалы ауруханасының қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алайда қазір Меруерттің қайғылы өлімі туралы іс қайтадан белгісіз мерзімге созылуы мүмкін. Толық ақпаратты сілтеме бойынша оқыңыз.
Фонд-бюро расследования коррупции