Ақтау маңында орналасқан аты жоқ ауылдың тұрғындары 20 жыл бойы үйлерін заңдастыра алмай келеді. «Қазинформ» ХАА мәліметінше, елді мекен ресми тіркелмеген, ол тіпті картада жоқ.
«Ақтау әкімдігі бізге нақты жауап бермейді. Біз жер қатынастары мекемесіне жүгіндік. Олар қарап, құжаттарды көтеріп, әкімдікпен кеңесетіндерін айтты. Міне, уақыт осылай созылып жатыр», - дейді ауыл тұрғыны Камила Хашимова.
Ауылда 12 отбасы тұратыны хабарланады. Мұнда қоғамдық көлік жүрмейді және жедел жәрдем келмейді. Балалар Ақтаудағы мектепке баруға мәжбүр.
«Менің денсаулығым нашар, көзім көрмейді. Бір аптадан бері ауырып жатырмын. Дәрігерге қарала алмаймын, автобус жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Эльмира Расулова.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары заңды тұлға тарифі бойынша электр энергиясы үшін үлкен сома төлеуге мәжбүр. Сондай-ақ құжаттардың жоқтығына байланысты ауылға газ құбырын тарту мүмкін емес.
Өз кезегінде Ақтау жер қатынастары бөлімі аты жоқ ауылдың аумағы қалаға қарасты және өндірістік аймақ екенін хабарлады.
Бұрын бұл жерде әскери құрылыс отрядының жұмысшылары үшін тұрғын үйлер салынғаны атап өтіледі.
«Тұрғындардың электр энергиясын заңды тұлға ретінде төлеуінің себебі - олардың есептегіші «Ақтау сүт» ЖШС аумағында орналасқан. Олар жеке тұлға ретінде электр қуатын төлеу үшін үйлерін заңдастыруы керек. Бұл мәселені қала әкімдігінің жауапты бөлімдері коммуналдық кәсіпорындармен бірлесіп қарастыруда», - делінген хабарламада.
Фонд-бюро расследования коррупции