Skip to main content

Атырау облысындағы әскери лицей қызметкерлері оқушыларға қатыгездік жасады деп айыпталуда

Submitted by Вера Александрова on

Атырауда «Сармат» мамандандырылған әскери мектеп-лицейінің төңірегінде жанжал өршіп тұр. Екі оқушының оқу орнынан шығарылғаны, ал ата-аналарының балаларға қатыгездікпен қарау туралы арызбен құқық қорғау органдарына жүгінгені хабарланады.

«Мой Город» басылымының мәліметінше, көпбалалы ана, «Алтын алқа» медалінің иегері Нұргүл Лампусинова 10-сынып оқушысы ұлының мектептен заңсыз шығарылғаны туралы айтқан бейнеүндеу жариялады. Оның айтуынша, оқиға 4 желтоқсанда болған.

«Тәрбиеші ұлымнан насыбай тапқанын айтып, тәртіп бұзғаны үшін оны пышақпен қорқытып, электрошокер қолданған. Бірақ ұлымның насыбай шеккеніне ешқандай дәлел жоқ. Мектеп бейнежазбаны да, фотоны да, куәгерлерді де ұсынбады. Осы үшін оны мектептен шығарып жіберді, енді балам стрессте үйде отыр», - дейді Лампусинова.

Ананың айтуынша, ол ұлын денесіндегі химиялық заттардың бар-жоғына талдау тапсыру үшін зертханаға өзі апарған, алайда оның қанынан ештеңе табылмаған. Ол мектеп басшылығы бұл нәтижелерді ескермегенін атап өткен.

«Сармат» мектеп-лицейінің директоры Нұрлан Елеуов оқушының шығарылғанын растады, бірақ қатыгездікпен қарау туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.

«Алғашында бала қалыпты оқыды, бірақ оқу жылы барысында негізгі пәндерден үштік бағалары болды. Көпбалалы отбасынан болғандықтан, біз оған лицейде оқуды жалғастыруға мүмкіндік бердік. Бірақ биылғы оқу жылында оның тәртібі мен оқуы ақсай бастады. Қыркүйекте оны электронды темекі шеккені үшін ұстады, онымен жұмыс жүргізіліп, келісімшарт бойынша екінші рет бұзса, оқудан шығарылатыны туралы ескерту жасалды. Міне, желтоқсан айының басында одан химиялық зат – насыбай табылды. Бұл заттың алынғаны туралы акт жасалып, біз ата-аналарды шақырдық. Алайда күтпеген жағдайларға байланысты кездесу өтпеді», - деді Нұрлан Елеуов. 

Директордың айтуынша, 9 желтоқсанда осы оқиға бойынша педагогикалық кеңес тағайындалып, оған оқушының анасы шақырылған, бірақ ол келмеген.

«Лампусинованың жұмыс орнына оны сағат 15.00-ге тағайындалған педкеңеске жіберу үшін ресми хат жолдадық. Алайда ата-ана педкеңеске келмеді. Кейін мектептің ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңесінің кезектен тыс жиналысы тағайындалды, оған ата-аналар комитетінің төрағасы, әр сыныптан өкілдер, қоғамдық ұйымдар қатысты, онда қысқаша анықтама оқылды. Жиналыста Лампусинованың ұлын мектептен шығару туралы бірауыздан шешім қабылданды», - деп түсіндірді Нұрлан Елеуов.

Анықталғандай, полицияға осындай арыз бірінші оқиғадан төрт күн өткен соң шығарылған тағы бір оныншы сынып оқушысының ата-анасынан түскен. Директордың айтуынша, екінші оқушы жетінші сынып оқушысына қатысты жүйелі буллингі үшін оқудан шығарылған.

Нұрлан Елеуов ата-аналар әлі күнге дейін құжаттар мен оқудан шығару туралы бұйрықты алмағанын атап өтті.

«Менің ойымша, олар өз балаларының білім алу құқығын өздері бұзып отыр. Яғни, олар құжаттарды алып, балаларды басқа мектепке орналастыруы керек. Содан кейін ғана шығару туралы шешімді сот тәртібімен шағымдануы керек. Сонымен қатар, қыркүйекте ата-аналар мектеппен келісімшартқа қол қойды, онда оқушы тәртіп бұзған жағдайда және тоқсанда бестен астам үштік бағасы болса, мектептен шығарылатыны жазылған. Сондай-ақ бұл екі оқушы алдын ала ҰБТ-ның шекті балын жинамады. Сондықтан оларды мектеп-лицейден шығаруға негіз бар. Егер біздің мектепте педагогтар балаларға қатыгездікпен қарайтын болса, жоғарыда аталған ата-аналар айтқандай, олар неге біздің мектепке қайтып келгісі келеді?», - деп түсіндірді директор.

Өз кезегінде Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі осы факті бойынша ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі «Кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.