Skip to main content

Астанадағы қайта жабдықталған автокөліктен жаппай хабарлама жіберуге арналған аппараттар табылды

Submitted by Вера Александрова on

Астанада құқық қорғау органдары қайта жабдықталған автомобиль салонынан SIM-boх ұялы аппараттық кешендерін тәркіледі. Құрылғыларды телефон алаяқтары пайдалануы мүмкін.
______________
Анықтама үшін: SIM-boх - ұялы нөмірлерді ауыстыру үшін қолданылатын және ұялы операторлар белгілеген шектеулерді айналып өтуге мүмкіндік беретін жабдық.
 
Астана прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыскерлер SIM-boх құрылғысын фишингтік хабарламалар, жаппай қоңыраулар жіберу, сондай-ақ жалған нөмірлермен әртүрлі онлайн-платформаларда аккаунттар тіркеу үшін пайдаланады.       
 
Осылайша, Астана полицейлері Украина азаматы басқарған «КIA» автокөлігін ұстады, салонын тексеру кезінде 128 слотқа арналған екі SIM-boх тәркіленді. 

Құрылғылар қайта жабдықталған автомобиль салонында орналасқаны хабарланды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары әртүрлі ұялы операторлардың 50 SIM-картасын және Wi-Fi роутерін тәркіледі.
 
Осы факті бойынша Астана прокурорлары ҚК 213-бабы «абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгертуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды заңсыз пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
 
Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Оның интернет-алаяқтыққа қатысы бар-жоғы тексерілуде. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
 
Еске сала кетейік, ақпан айында ШҚО полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері Өскеменде алаяқтар желісін анықтады. Олардың тұрғылықты жерінен құқық қорғау органдары 22 SIM-boх құрылғысын тәркіледі, онда ұялы операторлардың 489 SIM-картасы орнатылған. Сондай-ақ полицейлер 452 USB-интернет модемін, 13 компьютерді, 4 роутерді және бір ноутбукті тапты.