Skip to main content

Астана балабақшаларына өнімдер екі есе қымбат бағамен жеткізілген

Submitted by Вера Александрова on

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Астананың мектепке дейінгі ұйымдарына жеткізілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМБАТ) бағасын негізсіз көтеру фактілерін анықтады.  

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, сауда үстемесін негізсіз көтерген компаниялар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

«Астана қаласы әкімдігінің білім басқармасының басшылығымен бірлесіп, 98 мектепке дейінгі ұйыммен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша балабақшалар ӘМБАТ жеткізушілерімен екіжақты келісім бойынша шарттың жалпы сомасын азайту бағытында қосымша келісімдер жасасады», - делінген хабарламада.

Нәтижесінде ҚМА қаладағы 21 мектепке дейінгі мекемеде ӘМБАТ жеткізу шарттары бойынша бағаның төмендеуіне қол жеткізді. Үнемдеу 31 млн теңгеден астамды құрады. 

Келесі позициялар бойынша бағалар төмендеді: сәбіз 49% (336 теңгеден 170 теңгеге дейін), картоп 40% (336 теңгеден 200 теңгеге дейін), қырыққабат 54% (370 теңгеден 170 теңгеге дейін), пияз 45% (220 теңгеден 120 теңгеге дейін). 

Еске салайық, бұған дейін ҚМА ШҚО-да ӘМБАТ себетіндегі азық-түлік өнімдерінің сатып алу бағасын төмендеткен болатын. Сонда ШҚО білім басқармасының «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығы» КММ кәсіпкерден ӘМБАТ-ты негізсіз жоғары бағамен сатып алғаны анықталды. Нәтижесінде сәбіздің сатып алу бағасы 35% (325 теңгеден 242 теңгеге дейін), қырыққабаттың бағасы 60% (380 теңгеден 238 теңгеге дейін) төмендетілді.

Сонымен қатар, өткен жылдың сәуір айында ҚМА Қарағанды облысында жұмыртқаға үстеме бағаның асып кеткенін анықтап, картоп бағасын төмендетті. Одан басқа ведомство Жезқазғанда қантқа, Қызылорда облысында күрішке, Абай облысында айранға негізсіз жоғары бағаларды анықтады.

Сондай-ақ белгілі болғандай, Алматы облысында жеткізуші нанды 140 теңгеге сатып алып, оны Балалар үйіне 354 теңгеге (153% үстемемен) жеткізген.