Skip to main content

Албания әлемде бірінші болып виртуалды министрді тағайындады

Submitted by Вера Александрова on

Албания әлемдегі бірінші ел болды, онда жасанды интеллект технологиялары негізінде әзірленген виртуалды тұлға министр лауазымын иеленді. Жаңа министр Диелла (албан тілінен аударғанда — «күн») деген есім алды және мемлекеттік сатып алу саласын бақылайды.

«Қазинформ» ХАА мәліметінше, Диелла ел азаматтарына бұрыннан таныс, өйткені дәл осы виртуалды тұлға халықтың барлық мемлекеттік қызметтерге онлайн форматта қол жеткізуін қамтамасыз ететін e-Albania ұлттық цифрлық платформасының жұмыс істеуіне жауапты.

Виртуалды министрге көрнекі бейне — ұлттық албан костюміндегі жас әйелдің аватары жасалды.

Албанияның премьер-министрі Эди Рама бұл бастаманы цифрлық басқару саласындағы серпіліс ретінде ұсынды.

«Диелла — партияның физикалық түрде қатыспайтын, бірақ жасанды интеллект арқылы виртуалды түрде жасалған алғашқы мүшесі. Албания мемлекеттік тендерлері 100% сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін және тендерлік рәсімнен өтетін барлық мемлекеттік қаражат мүлдем ашық болатын елге айналады», — деді үкімет басшысы.

Виртуалды министрді енгізу туралы шешім елдегі, соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы ұзақ жылғы сыбайлас жемқорлық проблемаларымен байланысты екені атап өтіледі. Бұл мәселе Еуропалық Одақтың құқық үстемдігі туралы жыл сайынғы есептерінде бірнеше рет көтерілген.