Skip to main content

Ақтөбе облысының тұрғыны сақтандыру полисін заңсыз ресімдегені үшін ұсталды

Submitted by Вера Александрова on

Ақтөбе облысы полиция департаментінің ЕҚҚБ қызметкерлері АвтоЦОН тұрағында шетелдік есепте тұрған автомобильдерге сақтандыру полисін заңсыз ресімдеді деген күдікпен әйелді ұстады.

Polisia.kz деректері бойынша, ол берген құжаттар сақтандыру жағдайы орын алған кезде заңды күшке ие болмаған. Сонымен қатар, күдікті көлік құралын басқару құқығын беретін өзге де құжаттарды заңсыз ресімдеумен айналысқан.

Әйелдің автокөлігін тексеру кезінде полицейлер медициналық анықтамаларды, жүргізуші куәлігін алу үшін оқу курстарынан өткені туралы куәліктерді, сондай-ақ нотариус мөрінің іздері бар толтырылмаған бланкілерді тәркіледі.

Белгілі болғандай, ұстауға жүргізушілердің бірінің жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру компаниясына жүгінуі себеп болған. Ол бұған дейін күдіктіден үш ай мерзімге сақтандыру полисін сатып алған, алайда сақтандыру төлемін алуға тырысқан кезде құжат жалған деп танылған.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын және ықтимал сыбайластарды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарланғандай, соңғы үш жылда Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) аумақтық департаменттері 11,8 млрд теңге сомасына бастапқы есепке алу алымын төлемеумен 1,8 мыңнан астам автокөлік құралын заңсыз тіркеуге байланысты 88 қылмыстық істі тергеген.