АЭС құрылысы мәселесі бойынша референдум қарсаңында бас прокуратура осы шараға байланысты қоғамдық пікірді анықтау мақсатында әлеуметтік сауалнамалар жүргізу ережелерін еске салды.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, сауалнама жүргізуге кемінде 5 жылдық тәжірибесі бар заңды тұлғалар құқылы. Сонымен қатар олар бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын (ОСК) алдын ала хабардар етуге және тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беруге міндетті.
Сонымен қатар, сауалнама нәтижелерін БАҚ пен онлайн платформаларда дауыс беру күніне 5 күн қалғанда және дауыс беру күні жариялауға болмайды.
Сондай-ақ, сайлау күні дауыс беру үй-жайында немесе пунктінде сауалнама жүргізуге тыйым салынады. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленгені атап өтіледі.
Прокурорлар республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірді заңсыз сауалнамалаудың 8 фактісін анықтады. Нәтижесінде 6 адам әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
«Референдумға қойылған мәселе бойынша өз пікірін азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер жиналыстарда, митингілерде, азаматтардың жиындарында, БАҚ-та үгіт жүргізу барысында білдіруге құқылы екеніне назар аударамыз», - делінген хабарламада.
Прокуратурада үгіт кезеңі 3 қыркүйектен басталып, 2024 жылғы 4 қазанға дейін созылатынын хабарлады. Алдыңғы күні және референдум күні, яғни 2024 жылғы 5 және 6 қазанда оған тыйым салынатыны атап өтіледі.
Сонымен қатар, ведомство барлық үгіттік баспа материалдарында оны шығарған ұйым, баспа орны мен таралымы, сондай-ақ олардың шығарылуына жауапты тұлғалар туралы мәліметтер болуы керектігін мәлімдеді.
«Анонимді үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Тарихи, мәдени немесе сәулеттік құндылығы бар ескерткіштерге, обелискілерге, ғимараттарға және құрылыстарға, сондай-ақ дауыс беру үй-жайына үгіт материалдарын ілуге жол берілмейді», - делінген хабарламада.
Еске салайық, маусым айының соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша референдум осы жылдың күзінде өтетінін мәлімдеді.
Президент атом электр станциясының құрылысы ерекше маңызды экономикалық және саяси мәселе екенін бірнеше рет атап өтті. Мемлекет басшысы АЭС салу туралы түпкілікті шешім халықта болатынына сендірді.
Қыркүйек айының басында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында АЭС құрылысы мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялады.
Кейінірек ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина Қазақстанда АЭС құрылысы мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумға бюджеттен 15,5 млрд теңге сұрату жоспарланып отырғанын хабарлады.
Бұл сомаға 63 елде орналасқан 78 шетелдік сайлау учаскесінде референдумды ұйымдастыру және өткізу кіреді деп болжануда.
Фонд-бюро расследования коррупции