ШҚО Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылындағы жалғыз аурухананың инфрақұрылымы ескіргендіктен, тұрғындар көршілес елді мекендерге медициналық көмек алуға мәжбүр.


«Қазинформ» ХАА мәліметі бойынша, осыған байланысты бұрын ауылда тұратын 10 мыңнан астам адамның қазір тек 4 мыңға жуық тұрғыны қалған. Жалғыз медициналық мекеменің жағдайы туралы жергілікті тұрғын Еркін Оралұлы айтып берді.
«Бұл туралы адамдар үнемі айтады. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ. Аурухананың материалдық-техникалық базасы төмен деңгейде, қызметкерлердің штат саны қысқарды», — деді Оралұлы.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары аурухананы әлі 1979 жылы салып, 1981 жылы пайдалануға бергенін айтты.
«Балаларды бөлек, әйелдерді бөлек қарады. Перзентхана бөлек жұмыс істеді, шұғыл операциялар да жасалды. Бірақ тоқырау жылдары мұның бәрі жабылды. Қазір ауылда екі мектеп, өрт сөндіру бөлімі бар. Балық өңдейтін сегіз шағын цех, ауылдық клуб және екі балабақша жұмыс істейді. Ауылдағы өмір жалғасуда. Бір мәселе — күрделі жөндеуден ұзақ уақыт өтпеген аурухана. Сырты жақсы көрінеді, себебі бастапқыда сапалы салынған. Бірақ 50 жыл ішінде ішкі бөлігі тозған. Кейде шатыры ағып, жиһаздары ескі», — дейді ауыл тұрғыны Нәзипа Кешібаева.
Өз кезегінде ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнаш Капанова ауыл тұрғындарының шағымына түсініктеме берді.
«2014 жылы ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бір кездері Тұғыл ауылында тұрғындар көп болды. Соған сәйкес қызметкерлердің штат саны бекітілді. Халық саны азайғандықтан, штат та қысқарды. Дегенмен, қолданыстағы норматив бойынша ауруханаға бір жалпы тәжірибелі дәрігер жетіспейді. Бұл мәселе жақын арада шешіледі. Жақында ауылға тағы бір дәрігер келеді», — деді Капанова.
Оның айтуынша, 2017 жылы дәрігерлік амбулатория үй-жайларында есіктер, терезелер және қазандық ауыстырылған.
Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан кейін денсаулық сақтау басқармасы күрделі жөндеуге қаражат бөлу үшін құжаттарды экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жібереді деп күтілуде. Сонымен бірге, аурухананы жөндеуге ақша бөлінетін-бөлінбейтіні әзірге белгісіз.
Естеріңізге сала кетейік, сәуір айында хабарланғандай, ШҚО Глубокое ауданында 10 жыл бұрын салынған аудандық аурухананың ғимаратында іргетасы шөге бастап, қабырғаларынан жарықтар кеткен.
Фонд-бюро расследования коррупции