Жетісу облысының табиғат қорғау прокуратурасы Еуропаға балық өнімдерін заңсыз экспорттауға байланысты ауқымды бұзушылықтарды анықтады.
Өңір прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жергілікті балықшылар 20-дан астам еншілес кәсіпорын құрып, олар арқылы балық өнімдерін шетелге экспорттаған.
Бұл ретте компаниялардың бекітілген су айдындары, балық аулауға квоталары болмаған және экспортқа рұқсат алмаған.
Мысалы, ЖШС-нің бірінің балық аулау лимиті 270 тонна болған, алайда ол 4 920 тонна балықты экспорттаған, бұл лимиттен 18 есеге артық. Осы көлемнен 2 096 тоннасы еншілес компаниялар арқылы экспортталған.
Төрт балық шаруашылығы субъектісі мен олардың еншілес фирмаларының әрекеттерінен келтірілген залал сомасы 80 млрд теңгеден асты. Анықталған деректер бойынша ҚК 234-бабы («Экономикалық контрабанда») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының «Ащымұрын» жағалау аймағында прокурорлар ұстаған ер адамнан 455 кг бекіре тұқымдас балықтар алынды, оларды аулауға барлық каспий маңы елдері мораторий жариялаған.
Фонд-бюро расследования коррупции