Талдықорған қалалық соты «Жетісу» футбол клубының спорттық директоры Дәулет Иманқұловқа қатысты үкім шығарды.

Антикор баспасөз қызметінің мәліметінше, ол 5,5 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол ақшаны футболшыға бонус беру сылтауымен алғаны хабарланды.
Нәтижесінде сот Иманқұловқа 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Еске сала кетейік, маусым айында «Жетісу» футбол клубының директоры Қалмұхамет Дөнсебаевты құқық қорғау органдары ұстаған еді. Сол кезде қамауға алу себептері туралы хабарланбады, алайда бірқатар БАҚ Антикорға сілтеме жасап, Дөнсебаевты 85,4 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыруға күдіктелгенін жазды.
Сонымен қатар хабарланғандай, «Қазақстан футбол федерациясының» президенті Әділет Барменқұлов УЕФА басшылығының сенімінен айырылған, осыған байланысты Еуропалық футбол қауымдастықтары одағы оған қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Белгілі болғандай, УЕФА Барменқұловтың қазақстандық футбол клубтарының келісімшарттық матчтар өткізуін біле тұра неге әрекетсіздік танытқанын және оның жеке мүдделілік дәрежесі қандай екенін тексеріп жатыр.
Фонд-бюро расследования коррупции