Ұлытау облысының тұрғынына жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны және қылмыстық кірісті заңдастырғаны үшін үкім шығарылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті 2020 жылдан 2023 жылға дейін «Шығыс Қаражал» карьерінен лицензиясыз және жер қойнауын пайдалану келісімшартынсыз заңсыз марганец кенін өндірген.
Нәтижесінде жөнелтілген кен көлемі 16 мың тоннадан асып, мемлекетке келтірілген залал 1,1 млрд теңгеден астамды құрады.
Қаражатты заңдастыру үшін күдікті жалған мәмілелер жасасып, солардың негізінде өзіне бағынысты ЖШС арқылы өңделген темір-марганец кенін ел ішінде де, Ресейде де сатқан.
Сатудан түскен қылмыстық кіріс 3,5 млрд теңгеден астамды құрады.
Сот оны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сот оның 97,8 млн теңге тұратын мүлкін: 5 автокөлік пен шаруа қожалығын тәркілеу туралы шешім шығарды.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысының Жітіқара ауданында алтынды заңсыз өндіру әрекетінің жолы кесілген еді. Жер телімі ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған, алайда оны бағалы металдарды заңсыз өндіру үшін пайдаланған.
Фонд-бюро расследования коррупции