Skip to main content

Сыбайлас жемқорлық үшін Астана мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің басшысы сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Астана қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мемлекеттік кірістер департаменті бөлімі басшысының пара алу фактісі бойынша ісін қарады.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, лауазымды тұлға ЖШС директорынан 3,6 млн теңге көлемінде пара алған.

«Т. қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы бөлімінің басшысы лауазымын атқара жүріп, өз бағыныштысы арқылы «С» ЖШС директорынан қосылған құн салығын артық төлеген соманы қайтару үшін 3,6 млн теңге көлемінде пара алған», - делінген хабарламада.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады.

Сот жеңілдететін мән-жайларды: шын жүректен өкіну, кәмелетке толмаған балаларының болуы және сотталмағандығын ескерді.

Нәтижесінде сотталушыға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар сот Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының атына жеке қаулы шығарды.