Skip to main content

Шымкентте 674 млн теңге активі бар «Nazira Gold» қаржы пирамидасы жойылды

Submitted by Вера Александрова on

Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.

Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер зергерлік бұйымдарды сататын компанияның өкілдері ретінде көрінген. 

Салымшыларға салынған сомадан ай сайын 20-40% мөлшерінде табыс уәде етілген, алайда кейінірек төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүргізілген. 

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам салымшы тартылған. Қылмыстық кірістерге құқық бұзушылар екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған.

Тінту кезінде олардан 374 млн теңге қолма-қол ақша, сондай-ақ құны 300 млн теңгеден асатын 12 кг алтын бұйымдар тәркіленді. Күдіктілердің 2 ай мерзімге қамауға алынғаны атап өтілді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Павлодарда «ХАС» қаржы пирамидасының басшылығына үкім шығарылған болатын. Оның салымшыларына пайданың 70% мөлшерінде сыйақы уәде етілген. Нәтижесінде Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа да елді мекендердің 376 азаматы алаяқтарға 2 млрд теңгеден астам ақша аударған.