Skip to main content

Мұнай компаниясы Ақтаудағы жұмысшыларға 197 млн теңге жалақы төлеуді кешіктірді

Submitted by Вера Александрова on

Ақтау прокуратурасы мұнай өңдеумен айналысатын «Mangystau OilRefining» ЖШС-де жалақы төлеу кезінде заңнаманың сақталуына талдау жүргізді.

Маңғыстау облысы прокуратурасының мәліметінше, қаңтардан наурызға дейін кәсіпорын 241 жұмысшыға жалақы төлемеген. Жалпы берешек сомасы 197 млн теңгені құраған.

«Қабылданған прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде жалақыны толық төлеу арқылы жұмысшылардың конституциялық құқықтары қорғалды», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде төлемдерді кешіктірген компания басшылығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Тараз прокуратурасы еңбек және зейнетақы заңнамасының талаптарының бұзылуын анықтап, нәтижесінде 742 азаматтың құқығы бұзылған. Белгілі болғандай, қаланы тазалаумен және көркейтумен айналысатын «Жасыл Ел Тараз» ЖШС жыл басынан бері 605 жұмысшыға міндетті зейнетақы жарналарын 24 млн теңге сомасында аудармаған.