Skip to main content

Медицина қызметкерлері препараттарды дұрыс сақтамағаны үшін жазаланды

Submitted by Вера Александрова on

Полиция қызметкерлері есірткінің заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтар үшін 191 лауазымды тұлғаны, оның ішінде 108 медицина қызметкерін әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Polisia.kz мәліметінше, сақтау шарттарын бұзғаны үшін құқық қорғау органдары 44 мыңнан астам таблетканың, 14 мың ампула психоактивті препараттың және синтетикалық есірткі жасауда қолданылуы мүмкін 3 мың тонна прекурсордың айналымын шектеді. 

Жалпы, рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері прекурсорлар мен медициналық препараттарды қолданатын мыңнан астам ұйымды, оның ішінде 721 дәріхананы, 77 қойманы, 159 емдеу-профилактикалық мекемені және 129 өнеркәсіптік кәсіпорынды тексерді.

Мысалы, БҚО-дағы өнеркәсіптік нысандардың бірінің аумағында лицензиясыз пайдаланылған 14 тоннадан астам тұз қышқылы тәркіленді. 

Абай облысындағы медициналық ұйымды тексеру кезінде есірткі құралдарын сақтау және жою ережелерінің бұзылуы анықталып, 137 ампула психоактивті зат тәркіленді. Фармацевтке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

«Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың айналымымен айналысатын заңды тұлғаларға бақыланатын заттарды тасымалдау, сақтау, пайдалану және өткізу нормаларын сақтау қажеттігіне жүгінеміз. ІІМ есірткінің заңды айналымы саласындағы заңнамада белгіленген талаптарды бұзғаны үшін ҚК-нің 303-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін, бұл 600 мың теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл немесе 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаға әкеп соғатынын еске салады», – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, наурыз айының өзінде полиция қызметкерлері есірткі мен улы заттардың айналымына байланысты 22 қылмысты анықтады. Әкімшілік жауапкершілікке 230 адам, оның ішінде 48 медицина қызметкері тартылды. Сақтау шарттарын бұзғаны үшін 43 кг есірткі және психотроптық заттар, 9 мыңнан астам таблетка және медициналық препараттардың шамамен 15 мың ампуласы тәркіленді.