Skip to main content

«LIVEGOOD» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы Астана әуежайында ұсталды

Submitted by Вера Александрова on

Астанада «LIVEGOOD» қаржы пирамидасын ұйымдастырудан алынған қылмыстық кірістерді жылыстату схемасы анықталды.

ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдан 2025 жылға дейін күдікті биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату бойынша желілік маркетинг ретінде жасырылған қаржы пирамидасының филиалын басқарған.

«Пирамида схемасы бинарлық жүйеге негізделді, оған сәйкес қатысушылар шақырылған жаңа қатысушылардың санына байланысты әртүрлі деңгейлерде орналастырылды. Осылайша, қаржы пирамидасының негізгі табысы ББҚ сатудан емес, жаңа салымшылардың жарналарынан қамтамасыз етілді», - делінген хабарламада.

Белгілі болғандай, 6 мыңнан астам азамат «LIVEGOOD» компаниясына $50 ай сайынғы төлеммен жазылым сатып алып, $2 000 дейінгі бонустарға есептеген.

Алынған қаражатқа күдіктілер құны 60 млн теңгеден асатын екі пәтер сатып алғаны атап өтіледі. Жылжымайтын мүлік ықтимал тәркілеуден жасыру үшін басқа адамдарға ресімделген.

Сонымен қатар, тергеу барысында ҚМА қызметкерлері күдіктілерден «Binance» биржасында 0.28 BTC ($28 мың) мөлшерінде криптоактивтерді анықтады. Сот санкциясымен жылжымайтын мүлікке және криптоактивтерге, сондай-ақ тінту кезінде алынған 19 млн теңге және $4 мың қаражатқа тыйым салынды.

Ақпан айының басында күдікті Астана әуежайында Түркияға ұшпақ болып, ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот ер адамға қатысты 2 ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

Еске сала кетейік, бұрын Павлодар облысында WhatsApp мессенджерінде қаржы пирамидасын ұйымдастырған Екібастұз тұрғыны сотталған болатын. 2020 жылдың соңында ол «ЛайвСтайлер», «Карлығаш», «Умножайка», «Шанс» және басқа да топтар құрып, жоғары пайда уәде етіп салымшыларды тартқан. Нәтижесінде 23 зардап шеккен адамға 26 млн теңге мөлшерінде материалдық залал келтірілген.