Skip to main content

Қоғамдық бірлестік Перизат Қайрат тіркеу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты таратылды

Submitted by Вера Александрова on

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы әділет департаментінің талап арызы қаралды. Бұл бірлестіктің құрылтайшысы 1,7 млрд теңге жымқыруға күдікті Перизат Қайрат болып табылады. 

Елордалық соттардың баспасөз қызметінің мәліметінше, заңды тұлғаны алғашқы тіркеу 2021 жылғы қазанда жүргізілген. Бірлестіктің құрылтайшылары ретінде 10 адам көрсетілген.

Тергеу барысында уәкілетті органдар қолжазба сараптамасын жүргізді, оның қорытындысы бойынша құрылтайшылардың 9-ының атынан құжаттардағы қолтаңбаларды Перизат Қайрат қойған.

«Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес, егер заңды тұлғаны құру кезінде жіберілген және жойылмайтын сипаттағы заңнама бұзушылықтарға байланысты оны тіркеу жарамсыз деп танылған жағдайда, сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» ҚБ мәжбүрлеп тарату туралы шешім шығарды.

Еске сала кетейік, өткен жылғы қарашада белгілі болғандай, ҚМБ волонтерлік қозғалыс белсендісі және «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ол 1,7 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.

Желтоқсан айында сот күдіктінің элиталық жылжымайтын мүлкін, автокөліктерін, техникасын, киімдерін, аяқ киімдерін, зергерлік бұйымдарын, сондай-ақ әлемдік брендтердің сөмкелерін тәркіледі.

Ағымдағы жылғы ақпанда ҚМБ төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Перизат Қайраттың ісі бойынша 100 томдық материал жиналғанын хабарлады. Сонымен қатар, оның анасы - Гайни Алашбаева алаяқтыққа және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруға күдікті деп танылғаны атап өтілді. Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Кейінірек Перизат Қайратқа қатысты жаңа сотқа дейінгі тергеудің мәліметтері белгілі болды. Кезекті эпизод мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын салу үшін ақша жинау кезіндегі алаяқтықпен байланысты екені хабарланды.

Одан кейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорын мәжбүрлеп тарату туралы талап арыз берілді. Оны беруге негіз Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қорды құру кезінде жіберілген бұзушылықтарға байланысты оны тіркеуді кері қайтару рәсімін бастау туралы хаты болды.