Skip to main content

«Қазақтелеком» филиалының қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдіктеледі

Submitted by Вера Александрова on

Антикор Жамбыл облысы бойынша «Сервистік фабрика» - «Қазақтелеком» АҚ филиалының лауазымды тұлғаларына қатысты өкілеттіктерді теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. 

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, «Сервистік фабрика» – ұлттық компанияның жылжымайтын мүлік портфелін басқаруға жауапты бөлімше.

Филиалдың бас директоры мен кейбір қызметкерлері кәсіпкерге әкімшілік ғимаратты әдейі төмендетілген бағамен сатты деген күдікке ілінді. 

Нәтижесінде бұл әрекеттер мемлекетке 450 млн теңгеден астам материалдық залал келтірді.

«Келтірілген зиянды өтеу бойынша қамтамасыз ету шарасы ретінде жоғарыда аталған нысанға тыйым салынды. Сот санкциясымен күдіктілер қамауға алынды», - делінген хабарламада.

Біздің ақпаратымызша, бұл құқық қорғау органдарының сұрағы бар жалғыз жылжымайтын мүлік нысаны емес. 

Естеріңізге сала кетейік, «Қазақтелеком» АҚ жоғары лауазымды қызметкерінің ұсталғаны туралы біз қараша айының ортасында жазған болатынбыз. Сонда хабарланғандай, құқық қорғаушылар «Қазақтелеком» басқарма мүшесі – корпоративтік сегмент бойынша бас директор Алмат Қарамановты лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланды деп күдіктенген.

Қараманов 2019 жылы «Сервистік фабриканың» бас директоры бола тұра, компанияның жылжымайтын мүлікті басқару бөлімінің бұрынғы бастығы Сметов М. О. және сол бөлімнің маманы Кухаренко И. В. көмегімен «Қазақтелекомның» 3 қабатты әкімшілік ғимаратын төмендетілген бағамен сатқан деген күдік бар. 

❗️Естеріңізге саламыз, компроматтарды, шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелерінің бизнесі туралы мәліметтерді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық бұзушылықтары туралы ақпаратты @fund_kz_bot анонимді ботымызға жібере аласыз.