Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) Қазақстандағы ведомство басшыларының жалақысы туралы деректерді келтірді.
Finprom.kz деректері бойынша, биыл Қазақстандағы ұйымдар басшыларының орташа жалақысы 788,7 мың теңге құрады.
«ҰСБ-ның егжей-тегжейлі есептері мынадай қорытынды жасауға мүмкіндік береді: 788,7 мың теңге жалақыны әр саладағы және әр өңірдегі компания басшылары мақтана алмайды. Дәлірек айтқанда, бұл сома — ұлттық компаниялар мен корпорациялардың топ-менеджерлерінің өте жоғары жалақысы мен орта және шағын кәсіпорын басшыларының салыстырмалы түрде аз табысы арасындағы орташа көрсеткіш», - делінген хабарламада.
Ең жоғары жалақы темекі фабрикаларының директорларында (3,9 млн теңге) және фармацевтикалық компанияларда (3,2 млн теңге). Мұнай саласында басшылар 2,1 млн теңге табыс табады.
Автозаводтар (1,7 млн теңге) мен көмір өндіруші компаниялардың (1,7 млн теңге) директорлары, банктер мен сақтандыру компанияларының басшылары (1,6 млн теңге), сондай-ақ IT-ұйымдардағы басшылар (1,5 млн теңге) орташа көрсеткіштен екі есе көп алады.
Ең төмен жалақы әлеуметтік ұйымдардың басшыларында (297,5 мың теңге), сондай-ақ балабақша меңгерушілерінде (319,2 мың теңге) және ветеринариялық клиникалардың бас дәрігерлерінде (348,1 мың теңге) байқалады.
Сонымен қатар, мектеп директорлары 384,5 мың теңге, аурухана бас дәрігерлері — 507 мың теңге, мемлекеттік мекеме басшылары — 461,3 мың теңге табыс табатыны хабарланады.
Шенеуніктер арасында ең жоғары жалақы премьер-министр және оның орынбасарларында — айына 2,5 млн теңге. Облыс әкімдері орта есеппен 1,7 млн теңге, министрлер — 1,5 млн теңге, Мәжіліс депутаттары — 1,3 млн теңге, Сенат депутаттары — 1,1 млн теңге алады.
Фонд-бюро расследования коррупции