Мәслихат депутаты Тимур Елеусізов Алматыда Абай даңғылында инновациялық полимерлі жабынды асфальт төсеуге бюджеттен 2 млрд теңге бөлінгенін, алайда оның сынып қалғанын айтты.
«Біз Абайға, асфальт ауыстыруға, абаттандыруға және басқа да жұмыстарға 2 млрд бөлдік. Асфальт инновациялық, заманауи жабынды, ең жақсы технологиялар деп айтты. Өкінішке орай, біз бұл технологияларды көрмейміз. Неге? Себебі автобус желісінің бойындағы барлық асфальт сынып қалды», – деп хабарлайды Bes.media Тимур Елеусізовке сілтеме жасап.
Сонымен қатар депутат Тимирязев және Сәтбаев көшелеріндегі жаңа асфальттың да жарамсыз болып қалғанын еске салды.
«Барлық жерде кепілдік мерзімдері бар, бірақ асфальттың қазірдің өзінде жарамсыз күйге келгенін көріп отырмыз. Сонымен қатар, шет аймақтардағы жол төсеміне қатысты көптеген сұрақтар бар. (...) Адамдар шағымданады: жұмысқа бару үшін орталық магистральға дейін 3 км жаяу жүруге тура келеді деп айтады», – деді Елеусізов.
Сонымен бірге қалалық мобильділік басқармасының басшысы Сағындық Телибаев депутаттың сөзін растады.
«Оқшауланған жолақ бойынша екі қабатты полимерлі асфальтбетонды төсеу қарастырылған болатын. Бұл төменгі ірі түйіршікті қабат. Дәл осы оқшауланған жолақ бойынша қалып қалған жол пайда болды. Бұл алты учаскеде. Әр учаске 20 метрді құрайды», – деді Сағындық Телибаев.
Басқарма басшысы проблемалы көшелерде зерттеу жүргізілгенін, ол асфальттың беріктігі өте төмен екенін көрсеткенін атап өтті. Ол 29 тамызда учаскелерді мердігер ұйымның есебінен фрезерлейтінін қосты.
«Қазір бізге нұсқау берілді, мердігердің есебінен асфальтбетон жабынының үш қабаты төселеді – екі төменгі ірі түйіршікті қабат және 5 см полимерлі асфальтбетон», – деп түсіндірді Сағындық Телибаев.
Айта кетейік, бұған дейін BaigeNews.kz жазғандай, Алматы әкімі Ерболат Досаев 2022 жылы полимер қосылған жабын кемінде 10 жыл қызмет ететініне уәде берген еді.
«Жолдар жүктемеге екі еседен астам шыдайды – кемінде 10 жыл. Біз келесі жылы бұл жұмысты бастауға дайынбыз. Бір километр жолдың құны орта есеппен 20 пайыздан сәл артық өседі, бірақ 10 жыл бойы ештеңе жөндемейтін болсақ, бұл өте маңызды фактор деп ойлаймын. (...) Желтоқсанға қарай біз қажетті нәтижелерге қол жеткіземіз. Келесі жылдан бастап қала неғұрлым сапалы және берік жолдар салуды жоспарлап отыр», – деп еді екі жыл бұрын Ерболат Досаев.
Фонд-бюро расследования коррупции