Skip to main content

ИИ әкімдерге мәселелерді шешуге көмектесе ме?

Submitted by Вера Александрова on

Жасанды интеллект (ЖИ) өңірлердегі әкімдерге әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу үшін енгізілмек.

Informburo.kz деректері бойынша, мұндай бастаманы «Отбасының цифрлық картасы» жобасы аясында енгізуді көздеп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жакупова бұл бағдарламаға 6 млн отбасынан астам дерек енгізілгенін айтты. 

«Азаматтардың ақпараты мен өтініштері үлкен дерекқорға біріктіріледі. Осының негізінде жасанды интеллект өңірлерде қандай әлеуметтік мәселелер бар екені туралы аналитика береді. Сонымен қатар, ЖИ әкімдерге оларды шешу жолдарын ұсына алады», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге ЖИ-ді пайдалану бойынша ұсыныстар берді.

«Апта сайын автоматты режимде өзекті ақпаратты жіберіп тұру қажет. Әрбір әкім жұмыс орнында ашып, қай жерде, қандай мәселелері барын көруі керек. Бұл ЖИ-ді пайдаланудың тікелей пайдасы, мұны қолмен де өзіңіз талдай аласыз, бірақ бұл қанша ресурс пен уақытты қажет етеді. Ал ЖИ мұны жылдамдатады, ол сондықтан да «интеллект» деп аталады – бұл да сол «адам», тек деректерді жылдам талдайды», – деп атап өтті Бектенов. 

Еске сала кетейік, биылғы жылдың ақпан айының басында үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Тоқаев Қазақстанда ЖИ-ді дамыту тұжырымдамасын іске асыруды тапсырған еді. 

Шілде айында ҚР үкіметі экономиканың әртүрлі салаларына жасанды интеллект технологиясын енгізу туралы стратегиялық құжатты қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллектті қолдану 2030 жылға қарай жаһандық ЖІӨ-ні 14%-ға арттыруға қабілетті. 

Сонымен қатар, үкімет ЖИ-ді енгізу үшін экономиканың басым секторларын белгіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салаларындағы табиғи монополия субъектілері.