Skip to main content

Динора Күлібаева OCCRP-тің швейцариялық Reyl банкінің клиенттері туралы тергеуіне ілікті

Submitted by Вера Александрова on

Шетелдік БАҚ пен репортерлер бірлестігі — Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) швейцариялық Reyl банкіне қатысты хат алмасулардың сыртқа шығуына негізделген тергеу жариялады. 

«РЕСПУБЛИКА.KZ.media» Telegram-арнасының мәліметінше, құжаттар банк пен Швейцарияның Қаржы нарығын қадағалау басқармасы (FINMA) арасындағы хат алмасуды қамтиды. Хат алмасу реттеуші органның «ақшаны жылыстатудағы осал тұстары» және жоғары тәуекел деңгейіндегі шоттармен жұмыстағы болжамды ақаулар бойынша жүргізген тергеуіне қатысты.

Хабарланғандай, FINMA банктің кейбір елдердің саяси элита өкілдерінің атына ашылған бірнеше шотқа қатысты қызметін зерттеген.

OCCRP журналистерінің мәлімдеуінше, банк клиенттерінің арасында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы - Динара Күлібаева, сондай-ақ Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің күйеу баласы - Тимур Тілляев бар. Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің балаларының компанияларымен айналысқан швейцариялық активтерді басқарушы да аталады.

Белгілі болғандай, 2024 жылғы мамырда FINMA Reyl банкінен Динара Күлібаеваның шоты бойынша, сондай-ақ бенефициары Күлібаева болып табылатын люксембургтік Regulus Holdings SA компаниясының шоты бойынша клиенттік файлдарды тапсыруды талап еткен. Хат алмасуға сәйкес, бұл компания банктен Франциядан жылжымайтын мүлік сатып алу үшін €25 млн көлемінде несие алған.

2023 жылғы сәуірде Швейцарияда Күлібаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны атап өтіледі. Бұл Reyl банкінің швейцариялық ақшаны жылыстатуға қарсы күрес бюросына оның шоттарындағы күдікті әрекеттер туралы есеп беруінен кейін орын алған.

Күлібаеваның адвокаты - Жан-Кристоф Хок OCCRP-ге берген түсініктемесінде оның клиенті әрқашан жергілікті билікпен ынтымақтасып, швейцариялық жылжымайтын мүлікті сатып алу үшін пайдаланған қаражаттың шығу тегін растайтын құжаттарды ұсынғанын мәлімдеді.

«Біздің клиентіміздің жария байлығы оның Лондон қор биржасында тізімделген Қазақстанның реттелетін қаржы мекемесі Halyk Bank-тегі үлесіне негізделген. Дәл солай Reyl-ге салынған қаражатқа да қатысты», — деді адвокат.

2023 жылғы сәуірде Күлібаеваның шоттары бұғатталғанына қарамастан, сол жылдың мамырында швейцариялық прокурорлар оның жеке шығыстарын жабу үшін 650 мың франк ($760 500) көлеміндегі транзакцияны жүргізуге рұқсат бергені хабарланады.