Skip to main content

ДГД-ның БҚО бойынша қызметкері пара алғаны үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

БҚО-да облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің (МКД) қызметкері сотталды. Ол сыбайлас жемқорлықта айыпталды.

«Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты БҚО бойынша МКД қызметкеріне қатысты аса ірі мөлшерде пара алу (ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі) бойынша қылмыстық істі қарады», - деп хабарлады өңір соттарының баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, БҚО бойынша МКД-нің жетекші маманы кәсіпкерден аса ірі мөлшерде ақша қаражатын алған. Пара ауыр жүк көліктерінің «Сырым» өткізу бекеті арқылы жеделдетілген және кедергісіз өтуіне жәрдемдесу үшін берілген.
 
Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Еске сала кетейік, былтырғы қыркүйекте бірінші сатыдағы сот Алматы бойынша МКД кеден қызметінің қызметкерлері Асанбай М., Бекжүнісова Д. және Анарбеков М.-ны сыбайлас жемқорлықта кінәлі деп таныды. Лауазымды тұлғалар кедендік бақылаудан кедергісіз өту үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алған.