Skip to main content

Даниял Ахметов шақырған кәсіпкер үлескерлерді 1,2 млрд теңгеге алдағаны үшін сотталды

Submitted by Вера Александрова on

Өскеменде алаяқтық айыбы бойынша "Дейнека" ЖШС басшыларының бірі сотталды. Тергеу деректері бойынша, ол "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан (ӘКК) және 85 үлескерден алынған 1,2 млрд теңгеден астам қаражатты иемденген.

Ratel.kz хабарлағандай, 2021 жылғы наурызда айыпталушы "Ертіс" ӘКК-на фирманың кірісі туралы жалған анықтама ұсынып, тұрғын үй кешенін бірлесіп салу туралы шартқа қол қойған. Келісімшарт бойынша ол үш тұрғын үй салуы керек болды, оған ӘКК 206,5 млн теңге аударған. Құқық қорғау органдары айыпталушының осы қаражатты иемденгенін анықтады.

2021 жылғы тамыздан бастап ол жеке тұлғалармен осы үйлердегі пәтерлерді алдын ала броньдау шарттарын жасасып, алдын ала төлем шартымен тұрғын үй сатып алуды ұсынған. Барлығы үлескерлер ЖШС-нің шотына 1,1 млрд теңге аударған. Осылайша, іс бойынша жалпы залал 1 273 199 129 теңгені құрады.

Белгілі болғандай, 2021 жылғы наурызда сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов кеңес барысында Өскеменде тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар тарту тетігінің құрылғанын хабарлаған. Бизнесті ынталандыру үшін "Ертіс" ӘКК шығындардың 25%-на дейін қоса отырып, тең инвестициялаушы ретінде әрекет еткен. Жобаға қатысушылардың арасында "Дейнека" ЖШС де аталған.

Алайда үш жыл өткен соң пәтерлер салынбады, ал "Ертіс" ӘКК құрылыс салушымен келісімшарттарды бұза бастады. Қаланың бұрынғы әкімі Жақсылық Омар бұзушылықтарды уақытылы анықтай алмағаны белгілі болды. Қолда бар ақпарат бойынша, ол бұған дейін "Ертіс" ӘКК-на жер учаскелерін босату туралы талаппен сотқа шағым түсірген, бірақ кейін арызынан бас тартқан. Сот талапты қараусыз қалдырды.

Үлескерлердің сөзіне қарағанда, олар мемлекеттік құрылымның қатысуына байланысты құрылыс салушыға сенім артқан. Алданғандардың бірі — Мұрат Азылқанов — бір жарым жыл бұрын "Отбасы банкінен" несие рәсімдеп, 23,2 млн теңгеге төрт бөлмелі пәтер сатып алғанын айтты.

"Сонда шаршы метріне 270 мың теңге болды. Бүгінде мұндай пәтер шаршы метріне 400 мың теңгеден тұрады. Қазір қолыма ақшамды қайтарып алсам да, екі бөлмелі пәтерді де сатып ала алмаймын", — деді ол.

Сот отырысында Өскемендегі тұрғын үй бағасы елдегі ең жоғарылардың бірі болып қалып отырғаны да айтылды.

Нәтижесінде сот "Дейнека" ЖШС басшысын 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге және 10 жыл мерзімге коммерциялық қызметпен айналысу құқығынан айыруға үкім шығарды.