Қарағанды облысында Арнайы ХҚО бұрынғы басшысы және ХҚО басшысының орынбасары ұсталды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, олар жүк көліктерін заңсыз тіркеді деген күдікке ілінген.
«ХҚО қызметкерлері көлік құралын алғашқы тіркеу және кәдеге жарату төлемінен босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көліктерінің VIN-кодтары бойынша әдейі жалған деректерді енгізген», - делінген хабарламада.
Барлығы осылайша олар 33 жүк көлігіне заңсыз алғашқы тіркеу жүргізген. Мемлекетке келтірілген залал 315 млн теңгеден асқан.
Ұсталғандарға қатысты сот «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялап, 42 млн теңге көлеміндегі мүлікке тыйым салды.
Еске салайық, сәуір айында Қостанай облысының ҚМА департаменті 83 ауыр жүк көлігін оларды алғашқы тіркеу төлемін төлемей есепке қою фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған болатын. Мемлекетке келтірілген залал 591 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет елдегі Арнайы ХҚО-да автомобильдерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтады. Ведомство қызметкерлері дәйексіз деректерді енгізіп, жалған құжаттар берген.
Мамыр айында Астанада шетелден төлемдер мен жарналарды төлемей әкелінген автомобильдерді заңсыз тіркеумен айналысқан Арнайы ХҚО қызметкерлері, полиция қызметкерлері және азаматтық тұлғалар сотталды.
Кейінірек Алматы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі «Мемлекеттік корпорация» КЕАҚ филиалының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» №1 мамандандырылған бөлімі басшысының орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ол кәсіпкердің 930 мың теңгесін иемденді деген күдікке ілінген.
Шілдеде ҚМА қызметкерлері шетелден әкелінген көліктерді заңсыз тіркеген адамдар тобын анықтады. 2021 жылғы маусым мен тамыз аралығында күдіктілер Павлодар облысында 150-ден астам жүк көлігін алғашқы тіркеуге заңсыз қойған.
Фонд-бюро расследования коррупции